Сырлысай тұрғындары арық суын ішіп отыр
Түркістан облысындағы ауыл тұрғындары арықтан су ішіп отыр. Қазығұрт ауданындағы Сырлысай ауылында су мұнарасын дауыл қиратып, жауаптылар құбырды Өзбекстаннан келіп жатқан арнаға қоса салған. Ол арықтан күл-қоқыс пен малдың өлекселері ағып келеді екен.
Автор: Бек Әбиев
08.09.2023
Тұтынатын суды талай мәрте сүзгіден өткізіп ішуге дағдыланған тұрғындар түрлі ауруға душар болдық деп ашынады. Таза суға жарымаған жұрттың жан-айқайын КТК тілшісі тыңдап келді.
Сырлысай ауылына он шақты жыл бұрын су жинайтын мұнара орнатылған. Бірақ 800 метрдің орнына 200 метр тереңнен су шыққан кезде соны ауылдың құбырына қоса салған. Алғашқы күннен-ақ кермек тартқан тұзды су шығып жатқан мұнара жарты ай бұрын күшті желден құлапты. Қазір тат басқан құрылғы қирап жатыр.
Абдулла Егізбаев, «Таза су» мекемесінің операторы:
- 800 метрден шығуы керек еді дейді. Бұлар 200 метрден су шығарып, су шықты деген. Қалай болса солай істеп кеткен. Шалдарды алдап, ол уақытша тұз, одан кейін таза су болады деген. Ол кездегі шалдар мен сияқты 7060 жастағы, геологтарға сеніп қалған.
Мұнара құлаған соң, жауаптылар су іздеп аса бас қатырмаған сияқты. Құбырды Өзбекстаннан келіп жатқан арнаға қоса салған. Ал іргеде ағып жатқан арық суы адамға емес, егістікке ғана жарайтынын ешкім елемеген.
Сабырхан Әмірқұлов:
- Арықтан барлық нәрсе ағып келеді. Жауыншашында сары су келеді, адамның өлігі де ағып келген күндер болған. Қойдың да, малдың да өлігі, осы суды халық ішіп отыр. Ертең біреу, Құдай сақтасын, бірдеңе тастап кетсе, адамның бәрі уланып, қырылып қалады.
Арықтан алынған су электр жарығына тәуелді. Бұл ауылда үп етсе, жарық өшіп, су келмей қалады. Тұрғындар есік алдындағы шалшықтан су тасиды. Оған суды бірнеше мәрте ақ дәкеден өткізіп сүзеді. Соның өзінде дәмі кермек тартып, ішті бүреді дейді тұрғындар.
Мәдина Ілясова:
- Суды арықтан аламыз, судың дәмі нашар. Амал жоқ, аламыз осылай, сүзгіден өткіземіз, бірақ ішінде қоқыс қалады. Сонда да іше береміз. Балашағамыздың іші ауырады, өзіміздің ішіміз ауырады, амал жоқ, ішеміз.
Ал суға жауапты басшылар мұнара құлаған соң, ауыл сусыз қалмасын деп арнаға қосқанын жасырмайды. Бірақ ол тұрғындарға жеткізілмес бұрын сүзгіден өткізіледі деп ақталды. Ал көпшіліктің арықтан су ішіп отырғанын құптамаймыз деп жазғырды.
Аңдас Шамұратов, Қазығұрт ауданы «Таза су» мекемесінің басшысы:
- Бірінші, сүзгі арқылы 50 тонналық моншаны толтырып, соны беретінбіз. Қазір халықты сусыз қалдырмауымыз керек қой, сөйтіп беріп жатырмыз. Бірақ сүзгі арқылы. Құдай қаласа, біз жоспарды құрып жатырмыз, ол жерге 25 тонналық су құятын ыдыс әкеп, биіктеу қойып, халыққа біртіндеп келтіріп береміз.
Басшының сөзінше, ауыл екі айдың ішінде қайтадан жер астынан шығатын суға қосылады. Ал қайта тұзды су шығып, тұрғындар наразылық танытса, тереңірек ұңғғыма қазу бойынша облыстық басшыларға ұсыныс тастаймыз дейді. Оған дейін тұрғындар суды қоқыс басқан арықтан алуға мәжбүр.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!