{metadescription}
Астанада мәдениет қызметкерлеріне берілген баспананың сапасы сын көтермейді
Астанада мәдениет қызметкерлеріне берілген баспананың сапасы сын көтермейді

Астанада мәдениет қызметкерлеріне берілген баспананың сапасы сын көтермейді

«Үйіміз бар, күйіміз жоқ». Астанада «Нұрлы жер» бағдарламасымен мәдениет қызметкерлеріне берілген баспананың сапасы сын көтермейді. Қоныс тойын жасағандарына небәрі бір жылдан енді асқан қараша қайда бас сауғалайтынын білмей әлек.

15 жыл бойы күткен үйлерінің іші суық, ал сыртқы қабырғасы қақырай бастаған. Құрылысқа жауапты Қазақстан тұрғын үй компаниясының басшылығы мән-жайды білмекке талпынған тілшілерді есіктен итеріп шығарып салды.

Астанадағы бұл тұрғын үй осыдан бір жарым жыл бұрын үй кезегіндегілерге қолданысқа берілген. 2021 жылы тапсырылуы тиіс баспананың әуелден бағы ашылмапты. Сегіз жыл бойы құрылысы тоқтап тұрған үйді әкімдік кейін Қазақстан тұрғын үй компаниясына өткізеді. Соның өзінде жұрт айғаймен даулап жүріп, былтыр әйтеуір кілтін алды. Шашуын шашып, мәре-сәре болып, 10 жыл дегенде өз үйімізге жеттік пе дегенде, 20 күннен кейін қуанышы су сепкендей басылған. Өткен қыста дірдектеп шыққан олар, енді биыл да сол жағдай қайталана ма деп қауіптенеді.

Гүлнар Жүсіпова:

- Пәтерді алуын алдық. Бірақ қыста өте суық болды. Киіммен ұйықтадық, балаларымыз үйде бас киіммен жүрді. Барлық жерден жел гуілдеп тұр. Еден салқын. Қазірдің өзінде үй азынап тұр. Ертең қыста не болады, білмейміз.

Тұрғындардың шағымынан кейін мердігер компания жел үрлеп тұрған үйдің қуыс-қуысын бітеп шығуға әрекет жасайды. Тіпті болмаған соң, «әзірге бірдеңе қылып амалдай тұрындар» деп, 70 үйге жылытатын құрылғы таратып берген. Онысын кейін күн жылыған соң кері қайтарып алыпты.

Жылыту маусымының басталуына әлі бір айдан астам уақыт бар. Бірақ қазірдің өзінде табаннан өткен сыздың миға жететіні сонша, тұрғындар әр бөлмеге үш-төрттен кілем қабаттап төсеп қана жан сақтап отырмыз дейді.

Гүлшат Жолдыбайқызы:

- Бұл үй сегіз жыл бойы тұрып қалған, халыққа берілмей. Одан кейін цемент кірпіштің арасындағы кеуіп кеткенен кейін, сырты кірпіш, іші селикат, ортасы бос қуыс. Сол бос қуыспен бізге тапсырып отыр. Сол бос қуыстың кесірінен үй салқындап кетті. Пеназолда қыстың ортасында құяды. Қыста құюға болмайды. Онда да әкімдікке қайтақайта барып, олар бастап, жұмысын аяқтамай, қатты салқында жасай алмай, біз үсіп өлуге қалғанннан кейін ғана құяды.

Амалы таусылған қараша «Бәйтерек» холдингіне қарасты Қазақстан тұрғын үй компаниясының ғимаратына келіп шу шығарды. Жауаптылар тұрғындармен «жабық кездесу өткіземіз» деген желеумен түсірілім жасауға рұқсат берген жоқ. Компания басшысы Алтай Күздібаев сұрақтарға жауап беруден бас тартып, журналистерді есіктен итеріп шығарып салды.

Екі сағатқа созылған жиында мардымды ештеңе шешілмеген. «Кезекті уәдеге тойдырып, шығарып салды» - дейді тұрғындар.

Әсем Чапайқызы:

- Сонда халық, біз, оларға доппыз ба? Қазір жылу маусымы емес. Десе де алда келе жатыр. Былтыр қыс бойы жылыту құрадарымен күн көріп шықтық. Қазіргі жиналыста да Алтай Шоқанұлы: «Онымен отырсаң, қаншалықты саған зияны бар, отыр сол үйде, тұрмайтын болсаң, қазір келісімді бұзайық, қайда барсаң, онда бар» дейді. Бұл шешім бе?

Осылай мәдениет қызметкерлері 10-15 жылдан бері зарығып күткен баспаналары бір күні опырылып түсе ме деп қауіптенеді. Қазірдің өзінде сыртқы қабырғаларына сызат түскен. Ал тұрғындардың арасында осы қаусап тұрған үйдің ипотекасын табаны күректей 20 жыл бойы төлейтіндері де бар.

Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!

Кеше

Серіктестер жаңалықтары

Қазір эфирде