«Асфальт көктемде шайылып кетпесін». Үкімет басшысы ескерту жасады
Асфальт көктемде қармен бірге шайылып кетпесін! Бүгін Үкімет басшысы жергілікті әкімдер мен жауапты шенділерге ескерту жасады.
Автор: Мерей Қалиасқар
11.09.2023
Үкіметтің жоспары бойынша 2029 жылға дейін республикалық маңызы бар сегіз мың шақырым жол жөнделмекші. Бүгінде соның екі мың шақырымында тиісті жұмыс жүргізіліп жатыр.
Сонымен қатар алдағы алты жылда ұлттық стандартқа сай келетін 300-ден астам жаңа қызмет көрсету нысаны салынады. Облыстық және аудандық санаттағы 14 мың шақырым жолды жөндеу жоспарланған.
Үкімет басшысы жолдардың сапасы сыннан көз ашпай келе жатқанын тілге тиек етіп, қайта құрылған көлік министрлігі күн тәртібінен түспей тұрған мәселені кешенді шешу керектігін айтты.
Әлихан Смайылов, ҚР премьер-министрі:
- Тұрғындардан түсетін толассыз шағымдар жайлы білесіздер. Қарапайым адамға ол республикалық деңгейдегі жол ма, әлде жергілікті жол ма, ешқандай айырмашылығы жоқ. Оған үйдің жанында, қалада, ауылда немесе елдімекендер арасында жақсы жолдар қажет. Қазір құрылыс маусымы аяқталып келеді, ал біз бюджет қаржысының толық игерілмегенін көріп отырмыз. Осы айда барлық жұмысты ширатуды тапсырамын және көктемде қар ерігенде еріп кетпейтіндей сапалы болсын.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!