{metadescription}
Мектепте әлімжеттік көрген оқушы дәрі ішіп өлмек болған
Мектепте әлімжеттік көрген оқушы дәрі ішіп өлмек болған

Мектепте әлімжеттік көрген оқушы дәрі ішіп өлмек болған

Алматы облысы прокуратурасы Бесағаш ауылының мектебінде болған жағдайға қатысты тиісті тұлғаларды жазалау туралы ұсыныс енгізді. Білім бөлімінің басшысы, мектеп директоры мен сынып жетекшісіне дейін шара қолданылуы мүмкін.

Өткен демалыста төртінші сынып оқушысы қатарластарының қысымынан кейін өз-өзіне қол жұмсамақ болып, бір уыс дәрі ішкен болатын. 10 жастағы бала тіпті хат жазып, онда өзіне күн көрсетпейтін ұлдардың есімін атапты. Бала бір өлімнен қалды.

«Шашымды кесті. Қылқындырды. Дәретхана суына малынған кәмпитті жегізді». Дәрігерлер дер уақытында өмірі үшін арпалыспағанда, бұл басынан өткен сұмдықты баяндаған Саяттың соңғы хаты болар еді. Әсем Биғалиева шыбын жаны аман қалған баласын қазір қасынан шығармай, үйінде шыр айналып қорып жүр.

Әсем Биғалиева, анасы:

Киіміне дейін жыртқан. Бір сөзбен айтқанда, сыныптастары әбден мазақ қылған. Оның айтқанына ешкім сенбегендіктен, қысымға шыдамай дәрі ішкен. Жексенбі күні ауруханада болдық. Қазір балам шошып қалған. Ешкіммен сөйлеспейді. Тамақ ішпейді. «Анашым, ешқайда кетпе» деп жалынады. Прокуратура, полицияға жазған арызымды қайтарып алу үшін директор ақша ұсынды. «200 мың теңге беремін» деді. Бірақ мен бас тарттым.

Талғар ауданы Бесағаш ауылындағы №29 мектепке бүгін тілшілер бірінің артынан бірі ағылып жатыр. Қаптаған камераға үйренбеген директор қапелімде қайтерін білмей, қайта-қайта телефонмен сөйлесіп, біреумен ақылдасатындай. Саят хатында сипаттағандай, зәбір көруі мүмкін емес деп басын шайқайды.

Назым Сәрсенбаева, Бесағаш ауылы №29 мектептің директоры:

Бала атап отырған екі баладан да сұхбат алдық. Балалар ондай жағдай болған жоқ деп айтып отыр. Сонан кейін мектеп бейнебақылау камераларын қарадық. Үшеуі бірге әжетханаға кірген емес. Камерада көрінер еді ғой, үшеуі бірге кіріп кетсе. Өзінің бірге оқитын төртінші сыныптың екі баласы деп атап тұр. Бірақ дәлел жоқ боп тұр.

Дәлелдің жоқтығын алға тартқан директордың арызды қайтарып алу үшін 200 мың теңге ұсынғанын мойындаған жоқ. Бұл жағдайды енді арнайы құрылған комиссия анықтайды.

Жібек Нұржан, ҚР Оқу-ағарту министрлігі, Бала құқығын қорғау комитетінің бас сарапшысы:

Оқуағарту министрлігінің Алматы облысы білім басқармасының өкілдері аталған мектепке жедел жетті. Қазір ағдайдың анық-қанығы анықталуда. Бұл оқиға ҚР Оқу-ағарту министрлігінің, Бала құқығын қорғау комитетінің тікелей бақылауында. 

Әсем Биғалиеваның жазған арызы аудандық полиция бөлімінде де тіркелген. Құзырлы орган істің ақ-қарасын ажыратады.

Ернар Сайділдин, Алматы облысы ПД ресми өкілі:

Тексеру барысында кәмелетке толмаған баланың үйінде 10 талға жуық дәрі ішкені анықталды. Қазір істің мәнжайын толық және жан-жақты, объективті зерттеу үшін сараптамалық тексерулер тағайындау мен барлық қажет тергеу іс-шарасы жүргізілуде. Аталған жұмыс нәтижесі бойынша нақты шешім қабылданатын болады.

Саяттың сұхбаттасуға зауқы жоқ. Анасы шындығын айтсын деп, сыртқа алып шыққанмен, кері үйге кеткенше асықты. Бір жарым жыл бұрын жарынан айырылған Әсем Биғалиева жалдамалы үйде тұрады. Кенже қызы мүгедек.

Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!

Кеше

22 қараша

Серіктестер жаңалықтары

Қазір эфирде
Для просмотра требуется поддержка flash и javascript.