«Естуші Үкіметтің» ғұмыры ұзаққа бармады
«Естуші Үкіметтің» ғұмыры ұзаққа бармады. Бүгіннен бастап Министрлер кабинетінің отырысы онлайн форматта өтетін болды. Яғни күн тәртібіндегі мәселеге жауапты министр ғана жиналысқа офлайн қатысады.
Автор: Айғаным Достанбай
13.09.2023
Қалған ведомство басшылары бұрынғыдай Үкімет үйіне сабылмай, өз кеңсесінен қашықтан байланысқа шығады. Есесіне, әр министр айына бір рет ақпарат құралдарының басын қосып, брифинг өткізуге міндеттеліпті.
Жаңа формат журналистердің сұрақтарынан жалтару емес, бірінші кезекте шенеуніктердің уақытын ысыраптамай, тиімді жұмыс істеуге септігін тигізеді дейді Үкіметтің баспасөз қызметі.
Қанат Құлшыманов, Үкіметтің баспасөз хатшысы:
- Отырысқа күн тәртібі бойынша баяндама жасайтын министрлер қатысады. Отырыстан кейін олар баспасөз конференциясына шығып, журналистердің сұрақтарына жауап береді. Сонымен қатар отырыс әлеуметтік желіде және үкіметтің ресми сайтында онлайн режимінде көрсетіледі. Коммуникацияны қамтамасыз ету мақсатында әрбір министр өз алаңында жеке кесте бойынша брифинг өткізіп, БАҚ сұрақтарына жауап береді.
Бұған дейін де кез келген мәселеде ашықтық таныта бермейтін Үкімет мүшелеріне жаңа формат майдай жаққаны сөзсіз. Алды бүгін журналистрге басын бұрмастан кетіп қалды.
Мәдениет және ақпарат министрі де бұл жағдайға қатысты желідегі парақшасына жазыпты. «Министрліктер мен тілшілердің бірігіп жұмыс істеуіне қолдау көрсетуге дайынбыз» деген Аида Балаева алдағы уақытта журналистерге ақпарат бұрынғыдан да қолжетімді бола түсеріне сенімді. Депутаттар Үкімет үйіндегі үзеңгілестерінің бұл қылығын естіп аң-таң. «Тілшілерден қанша қашуға тырысқандарымен, бізден құтылмайды» - дейді мәжілісмендер.
Елнұр Бейсенбаев, Мәжіліс депутаты:
- Үкімет мүшелері журналистерден, тілшілерден алшақтаған сайын, оларға сұрақ та, уәж де, айтылатын арыз да, шағым да, көбейеді. Керісінше, алдына шығып, барлық мәселелерге, сұрақтарға, ашық, бүгін бүк, шігін шік деп жауап беруі керек.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!