Алматы облысы: Жамбыл ауданындағы гемодиализ орталығы үлкен мәселені шешті
Ұлт саулығы — мемлекет болашағының негізі. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев былтыр ауылды дамыту мәселесі туралы жарлыққа қол қойған болатын. Бірінші кезекте медициналық қызмет түрлерінің қолжетімді болуы маңызды.
Автор: Асқарбек Қазанғап
13.09.2023
Алматы облысының Жамбыл ауданында ашылған гемодиализ орталығы жергілікті тұрғындардың көптен бері қордаланған мәселесін шешті. Кәсіпкер Арайлым Еркімбаеваның бастамасымен жүзеге асқан жобаның арқасында енді созылмалы бүйрек ауруына шалдыққан науқастар Алматыға сабылмай, өз ауылында емделе алады.
Арайлым Еркімбекова, медицина компаниясының құрылтайшысы:
- ҚасымЖомарт Кемелұлы Тоқаев, біздің президентіміз жолдауында қоғамның басты құндылығы — адам деп айтты. Азаматтарымыздың дені сау болса, ұлттың да дамуы, жалпы мемлекеттің дамуына үлкен үлесін қосады. Жолдауға қолдау ретінде тұрғылықты жерімізде медқызмет қолжетімді болуы үшін тұрғындарымызға екінші филиалды ашқалы отырмыз. Мақсат —ауданның тұрғындары басқа аудандарға, басқа елдімекендерге әрі‑бері сабылмасын деп, екінші филиалымызды ашқалы отырмыз.
Ұзынағаш ауылы мен айналысындағы елдімекендер игілігін көріп отырған орталық заманауи медициналық техникамен жарақтандырылған. Алпысқа жуық маман жұмыс істейді. Аталған медициналық орталыққа он мың адам тіркелгенін есепке алсақ, екіншісін ашу қажеттілігі туындайды.
Арайлым Еркімбекова бұл жобаны мемлекеттің ауылды дамытуға қатысты бағдарламасы аясында ашқан. Бастысы, мұнда ем алатын науқастар Алматыға сабылмай, сапалы қызмет алуға болатынына қуанады.
Рысбай Қайпиев:
- Осында ашылғанына қуандық. Үйіміздің қасында. Бұрын қатынау қиын болатын. Автобуспен қатынадық. Әлек болып шығатынбыз. Ауырып шығасың, үйге түн ортасында барасың. Қазір, міне, келіп алып кетеді. Уақытында әкеліп тастайды. Жақсы, шүкір.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!