{metadescription}
Алматы облысында үш жасар бала кәріз құдығына құлап мерт болды
Алматы облысында үш жасар бала кәріз құдығына құлап мерт болды

Алматы облысында үш жасар бала кәріз құдығына құлап мерт болды

Алматы облысында үш жасар бала кәріз құдығына құлап мерт болды. Кішкентай Заңғар балабақша аумағында ашық жатқан терең шұңқырға ойнап жүріп түсіп кеткен. Оның өлі денесін балабақша қызметкерлері алып шығыпты.

Қара жамылған отбасы қайғылы оқиғаға оң-солын білмейтін бүлдіршіндерді қараусыз қалдырған тәрбиешілер кінәлі деп отыр. Тұтас ауылды есеңгіреткен жағдайдан кейін мемлекеттік балабақшаның меңгерушісі, тәрбиешісі мен бала күтушісі қызметінен қуылды. Қазір сот-медициналық сараптама тағайындалып, істі полиция тергеп жатыр.

Заңғар екі күн бұрын үш жасқа толған. Тұңғыш ұлының туған күнін атап өткен ата-ананың қазір жанары жасқа толып отыр. Ойнап-күліп жүрген кішкентай баланың қазасы тұтас әулеттің қабырғасын қайыстырған. 

Ақбота Сатқынбаева, анасы:

Сағат он бірлерде бізге хабар түсті. Ауруханада болды деді. Біз жарақат алды деп ойладық. Бірдеңке сезгендей, тезтез барсам, бала дем алмайды. Балаға бірінші көмек жасайын дедім. Жедел жәрдем тұрса да, үмітім болды, балам демалатын шығар деп. Ол жақтағылар айтты, баланы алып келгенде жүрегі тоқтап қалған деп.

Қайғылы оқиға кеше сағат ондар шамасында балабақша аумағында болған. Қараусыз қалған Заңғар ашық жатқан кәріз құдығына құлап кетіпті. Осы жайттан кейін мектепке дейінгі білім беру мекемесінің қызметкерлері құдықтың қақпағын дәнекерлеп, құлыптап тастаған.

Қара жамылған отбасы лас суға толы терең шұңқыр ұзақ уақыттан бері ашық жатқанына сенімді. Себебі, оң-солын білмейтін бүлдіршіндер құдықтың қақпағын өздігінен ашып, ішіне түсіп кетуі мүмкін емес дейді. Сондықтан баланың өліміне қауіпсіздікті қамтамасыз етпеген меңгеруші мен ұл-қыздарды назардан тыс қалдырған тәрбиешіні кінәлайды.

Әкімқожа Ынтыбаев, атасы:

Жабық болған дейді. Жабық болса, бала өзі ашып, ішіне түсіп кетпейді ғой. Біз кеткеннен кейін дәнекерлеп отыр. Оның керегі не, болары болғаннан кейін. Жабық тұрмақ түгілі, қоршаулы тұру керек қой. Ол жерде қанша бала бар жүр. Мал екеш, малды да бірекі сағатқа қалдырсаң таппай қаласың. Ойын баласын бір-екі сағатқа қалдыру деген көңілге сия ма? Айтуға сөз жоқ. 

Осы оқиғадан кейін Қырбалтабай ауылындағы мемлекеттік балабақшаның меңгерушісі, тәрбиеші мен бала күтуші жұмысынан босатылды. Білім бөліміндегілер бұл жайтқа қызметкерлердің салғырттығы себеп екенін жасырмайды. Айтуларынша, ойын балаларын бір сәтке де көзден таса қылмай, олардың әр қадамын ұдайы бақылап жүру керек.

Зарина Бөлекбаева, Еңбекшіқазақ ауданы білім бөлімінің бас маманы:

Төртбес бала күркенің артына кетіп қалады. Сол кезде болған оқиға ғой. Кіргізетін кезде баланы іздеген. Бұл жерде жұмысына немқұрай қарағаннан болып отыр. Ол айдан-анық. Әрине, заң аясында жауап береді. Жабық тұрған құдық деп айтып жатыр. Бірақ сену-сенбеуге біз тергеу жүргізетін құзырлы орган емеспіз.

Ал полиция «балалардың өмірі мен денсаулығының қауіпсіздігін қамтамасыз ету міндетін орындамау» бабы бойынша қылмыстық іс қозғап, сот-медициналық сараптама тағайындады.

Ернар Сайділдин, Алматы облысы ПД ресми өкілі:

ҚР ҚК 141бабының 2-бөлігі бойынша полицияда тіркелді. Оқиғаның мән-жайын толық, объектив және жан-жақты зерделеуге сараптама тағайындау мен тергеу ісшарасы жүргізілуде. Тергеу облыстық полиция департаментінің бастығының бақылауына алынды.

Қайғылы оқиғаны жай-жапсары енді сараптаманың қорытындысынан кейін белгілі болады. Марқұмның туыстары оқыс жағдай қайталанбас үшін кәріз суы жиналатын шұңқырды балабақшадан тыс жерге көшіруді талап етті.

Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!

Кеше

Серіктестер жаңалықтары

Қазір эфирде