{metadescription}
Арман Жұмагелдиев пен Қайрат Құдайбергеннің ісі бойынша алғашқы сот отырысы
Арман Жұмагелдиев пен Қайрат Құдайбергеннің ісі бойынша алғашқы сот отырысы

Арман Жұмагелдиев пен Қайрат Құдайбергеннің ісі бойынша алғашқы сот отырысы

Алматыда Арман Жұмагелдиев пен қалалық мәслихаттың экс-депутаты Қайрат Құдайбергеннің ісі бойынша алғашқы сот отырысы басталды. Олардан бөлек, қаңтар оқиғасындағы бейберекетсіздікке қатысы бар деген күдікке іліккен 43 азаматтың да ісі бірге қаралып жатыр.

Арманның өзі алғашқы тыңдалымға онлайн қатысты. Сот өткен уақытша тергеу изоляторында байланыс пен интернет бұғатталғандықтан, журналистердің сол демде хабар таратуына кедергі келді. Сот залынан КТК тілшісі баяндайды.

Майшаммен бір жарым жылдай егжей-тегжей тергелген жүздеген том іс сотқа енді ғана жетті. Судьяның алдында жауап беретін 45 айыпталушы болғанмен, жұрт назары солардың арасындағы екеуде. Бірі «Дикий Арман» лақап атымен танылған Жұмагелдиев. Екіншісі кәсіпкер, Алматы мәслихатының бұрынғы депутаты Қайрат Құдайберген. Екеуін де қаңтар оқиғасы кезінде алаңда иық тірестіріп тұрғанын көптің көзі көрді. Сол жиынның шикілігі артынша әшкере болып, бірінің артынан бірі ұсталған еді.

Бұл сот отырысы бұрынғылардан өзгерек. Өйткені Алматыдағы №72 уақытша тергеу изоляторының ішінде өтті. Процеске қатысушы қорғаушы, қоғам белсенділері мен журналистерді үш қайтара тексерістен өткіземін дегенше, әу баста белгіленген 10 емес, сағат 11 де бір-ақ басталды. Сот залында күзетші мен адвокаттарға қарағанда айыпталушылардың саны көп пе дерсің. БАҚ өкілдері сыймай, көрші бөлмедегі теледидарға телмірді. Дыбыстың нашарлығы құлаққа түрпідей тиіп, түк естілмеді. Отырысқа онлайн қатысқан Арман Жұмагелдиев те бұл ақауды судьяның құлағына жеткізуге тырысып бақты.

Сонымен, не керек, техникалық ақау үшін отырысты отыз минутқа үзуге тура келді. Одан соң оңалғандай болды. Судья Арман Әшірбеков айыпталушы 45 адамды жеке-жеке тұрғызып, жеке басын анықтайтын сұрақтар қойды. Көбінің жоғары білімі, тұрақты жұмысы жоқ. Әрқайсысы кемі 1,5-2 минуттан жауап беремін дегенше, түс болып, қайтадан үзіліс жарияланды. Қаңтар оқиғасында кімнің қандай қылмыс жасағаны алдағы сот отырыстарында айтыла жатар.

«Дикий Арман» атымен танымал Арман Жұмагелдиев былтыр қаңтардың жетісі ұсталды. Бас прокуратура қылмыс әлемінің серкесі тапсырманы Ұлттық қауіпсіздік комитетінен алып отырған деген дәйек келтірді. Алматыдағы «Қазақстан» қонақ үйін штаб-пәтер қылып, ойына келгенін істеген көрінеді. Тіпті көшеден ұстап әкелген адамдарды тура сол қонақ үйдің ішінде азаптаған. Артынан қара көбейтіп, билікке бұлтартпас талап қою үшін «Халық кеңесі» деген топ құратын үлкен жоспары да болыпты-мыс. Қалған жақтастарын телеграмм-чаттар арқылы орталыққа жинапты. Мәслихаттың экс-депутаты Қайрат Құдайберген «Дикий Арманмен» қаңтар оқиғасында жаппай тәртіпсіздік ұйымдастырды деген күдікке ілігіп, былтыр сәуірде қамалды. Сол кезде депутаттың Жұмағалиевпен бірге әкімдік алдында жүрген видеосы тараған.

Атышулы істің бір-екі айда нүктесі қойылмасы айдан анық. 45 күдіктінің әрқайсына жеке-жеке тағылған айып бар. Оның жай-жапсары алдағы отырыстарда белгілі бола жатар. Арман Жұмагелдиевтің келесі процеске онлайн емес, сот залына жеткізу мәселесі де әзірге белгісіз.

Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!

Кеше

Серіктестер жаңалықтары

Қазір эфирде