Ақтөбеде көпқабатты үй тұрғындары іргесінен сауда орталығының салынуына қарсы
Ақтөбеде көпқабатты үй тұрғындары дәл іргеден сауда орталығының салынуына қарсы. Себебі ғимарат құрылысы тұрғын үйге тым жақын. Супермаркеттің кесірінен терезеге күн түспей, қараңғыда қаламыз деп қорқады.
Автор: Жаңалық Ахаш
14.09.2023
Әйгерім Бөлекова:
- Бұл құрылысты бізден ешкім рұқсат сұрамай бастап кетті. Үшінші төртінші қабатқа дейін терезелер жабылады. Тас қараңғыда отырады. Үймен арақашықтығы тым жақын болып. Өрт сөндіру көлігі де өте алмайды. Терезеден ештеңе көрінбейді. Терезе тек көшеге қарап тұр.
Бұл маңға супермаркет салынатынын тұрғындар тек жақында қоршау орнатқанда бір-ақ білген. Тура көше жақ беттегі терезелердің алдында қазір құрылыс жұмысы қызып жатыр. Күзетшілер ешкімді жолатпайды. Тұрғындар жаңа көршінің келуі тынышымызды бұзады деп отыр. Күні-түні жұмыс істейтін супермаркеттің кесірінен айналаға көлік те көбейіп, адамдар көп жиналатын болады дейді. Сондықтан құрылысты тоқтатуды талап етуде. Өйткені супермаркет салуға ешбірі келісім бермепті. Алайда құрылысқа рұқсат берген әкімдіктегілердің сөзі басқа. Супармаркет иелері тұрғындардың жетпіс пайызы сауда желісінің салынғанын қолдайды деген құжат тапсырды дейді шенеуніктер.
Жанаргүл Мақашова, Ақтөбе сәулет және қала құрылысы бөлімінің бас маманы:
- Жаңа ғимараттың биіктігі сегіз метр болады. Ал үймен арадағы қашықтық 12 метрді құрайды. Бұл талапқа сәйкес келіп отыр. Құжаттары да бар. Тапсырыс беруші осы нысан құрылысына қатысты тұрғындармен жиналыс өткізуі қажет. Ол жиналысты өткізіп, тұрғындардың жетпіс пайызының рұқсатын алғандығы жөнінде протоколы бар. Оны бізге тапсырды.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!