Атырауда электр желілерін ұрлап жүрген қылмыстық топ қолға түсті
Атырауда электр желілерін ұрлап оңай олжаға кенелген қылмыстық топ ұсталды. Тәртіп сақшылары сымтемірлерді қиып әкететін ұрылардың соңына біраз уақыттан бері түскен екен. Ақыры қылмыс үстінде ұстады.
Автор: Жанат Молдашова
14.09.2023
Доссор-Құлсары бағытындағы электр желілерін жаңартып жатқан компания бірнеше шақырымға созылған сымды қарақшылар жасырын жымқырып жатқанын айтып полицияға шағымданған. Ұрылар бетон бағандарды құлатып, тартылған кабелдерді көлікке тиеп әкетіп отырған. Әбден дәніккен ұрылар араға уақыт салып бірнеше мәрте ұрлық жасаған. Олар оңай олжаларын Ақтөбе қаласындағы қара темір қабылдайтын орындарға өткізіп отырыпты.
23-26 жас аралығындағы төрт жігіт Құлсары қаласының тұрғындары. Олар компанияға шамамен 100 миллион теңгеден астам шығын келтірген. Қазір күдіктілер қамауға алынып, 16 эпизод бойынша қылмыстық іс қозғалды.
Иса Бекқалиев, Атырау облысы ПД криминалдық полиция басқармасының бастығы:
- Жедел іздестіру кезінде Жылыой ауданы аумағында бағанаға ілінген электр кабельдерін жасырын жымқырып жүрген төрт аудан тұрғынын ұстады. 1999 жылы туған күдіктінің Газель автокөлігінен тінткенде шамамен төрт шақырым жоғарғы вольт электр кабелі тәркіленді. Күдіктілер істеген әрекетін мойындады.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!