Ливия: Адамдар туған-туысын таппай зар жылап жүр
Ливиядағы су тасқынынан ажал құшқандар саны 20 мыңға дейін жетуі мүмкін. Бұл туралы Дерна қаласының мэрі айтуда. Қазірдің өзінде дауылдан 6 мың адам опат болғаны нақтыланды. Ал 10 мыңнан астамы із-түзсіз кеткендер есебінде.
Автор: Салтанат Шырынхан
14.09.2023
Ливияның солтүстік-шығысында көтерілген күшті дауылдан екі бөгет бұзылған. Топан су шағын аудандарды тұрғын үйімен қоса қопарып, теңізге алып кеткен. Жерорта теңізіне ағып кеткен адамдардың мәйіті қазір жағаға шығып жатыр.
Ливияның солтүстік-шығысында ойран салған «Даниел» дауылынан Бенгази, Сус, әл-Мадж қалалары қатты зардап шеккен. Әсіресе 125 мың тұрғыны бар Дерна қаласындағы жағдай жаға ұстатарлық. Онда егі бөгет бұзылып, барлық ауданын су шайып кетті. Қазір ондағы қайтыс болғандар мен із-түссіз жоғалғандардың нақты саны әлі де белгісіз.
Мохамед Сәлем:
- Бүкіл қала қиралы. Опат болғандардың денесі үйінді асты мен теңізде әлі де бар. Зираттарда орын жоқ. Кейбір марқұм болғандарды өзге дін өкілдерінің бейіттеріне жерлеп жатыр. Біз қазір қиын жағдайдамыз. Барша жұрттан көмек сұраймыз.
Қаланың сиқы адам шошырлық. Көшелері қирандыларға, тамырымен жұлынған ағаштарға, қалқып жүрген көліктерге толы. Адамдар туған-туысын таппай зар жылап жүр. Қала билігі де тездетіп марқұмдарды іздестіру үшін көп күштің қажет болып жатқанын хабарлайды. Әйтпесе түрлі жұқпалы дерт тарауы мүмкін деп қауіптеніп отыр. Ал тұрғындар бұл апатқа жергілікті билікті кінәлауда.
- Су тасқыны кезінде әпкем мен оның бүкіл отбасы мерт болды. Бұл жағдайға мыңдаған адамның өліміне билік басында отырғандар жауап беруі тиіс. Жергілікті билік бөгеттердің тозығы жеткенін білген. Дауылдың болатынынан да хабардар болды. Неліктен соның барлығының алдын алмады?
Қазір Ливияға әлемнің түкпір-түкпірінен гуманитарлық көмек көрсетілуде. Түркия, Италия, Біріккен Араб Әмірліктері және Францияны қосқанда 12 мемлекеттен құтқарушылар жіберіліп жатыр. Жексенбі күні болған селден 6 мыңға жуық адам мерт болып, 10 мың тұрғын із-түссіз жоғалды.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!