«Алтын орда» базарының әкімшілігі мен саудагерлері жаға жыртысты
«Базар басшылығының басынуына жол бермейміз». Алматы облысында атышулы «Алтын орда» базарының әкімшілігі мен саудагерлері жаға жыртысты. Киім-кешек пен ұсақ-түйекті далада сататын әйелдер шатырды сүруге келген күзетшілерге тап беріп, қуып шықты. Базардың баспасөз хатшысын да оңдырмады.
Автор: Сымбат Ғалымбекұлы
15.09.2023
Директор отыратын ғимаратттың алдына барып, ұзақ жылдан бері нәпақа тауып отырған орнымызды босатпаймыз деп талап қойды.
«Алтын орда» базарының саудагерлері мен күзетшілері арасындағы текетірес. Ашуға мінген әйелдер шатырды сүруге келген зіңгіттей жігіттердің жағасына жармасып жанжал шығарды.
Күзетшілермен бірге базардың баспасөз хатшысы да келіпті. Саудагерлер оны да аямады. Шашын жұлып, қуалап жүріп ұрды.
Арыны қатты бір топ саудагерден мұндайды күтпеген қызметкер ақыры қашып құтылды. Көп ұзамай айғай-шумен базарды басына көтерген келіншектер басшылық отыратын ғимаратқа келіп тағы шу шығарды.
Бірақ күзетшілер ішке кіруіне жол бермеді. Саудагерлердің бұлай тулауына өткен түні базардың әкімшілігі далада тұрған шатырларды бұзып, бес саудагердің тауарын алып кетуі себеп. Киім-кешек пен ұсақ-түйек сатып нәпақа табатын жандар біреудің затын рұқсатсыз алу барып тұрған бассыздық дейді.
Гүлнәр Тұрлыбаева, саудагер:
- Мен бірінші болып осы жерге келдім. Осы жерде базар әкімшілігінен 20 адам бар екен. Содан халықты жинадық. Халық келгенде базар әкімшілігі халыққа қысым көрсетіп, қоқанлоққы көрсетіп, балаларды ұрып, қыздарды жұлқылап қол көтеріп жатыр. Бес адамның тауарын алып кетті. Әлі күнге дейін бермей тұр. Халық мына шатырды 45 мың теңгеге алған. Барлық шатырды сындырып, жинап тастаған.
Тауарымызды қайтарып берсін деп шыр-пыр болған саудагерлер жаңа директор келгелі сауданың берекесі кетті дейді.
Жанар Кәлімбетова, саудагер:
- Бір ай болды, ешқандай тыныштық жоқ бізге. Ұйқыдан қалдық. Он жылдай «Алтын ордада» сауда жасаймын. Мұндай директор болмаған ешқашанда. Бізге бұлай басқыншылық жасаса, оларды қалай сыйлаймыз. Осы даудың басы 20шы тамызда басталған. Мына қара жерді 7 миллионға сатамын деп. Біз сатқызбай қойдық. Осының арты жалғасып жатыр. Бізге кім көмектеседі?
Бірнеше сағат күзетшілермен алысқан саудагерлердің алдына басшылықтан сол күйі ешкім шықпады. Оның орнына сұхбатты баспасөз хатшысы берді. Айтуынша, базардың кіреберісінде тұрған 27 шатыр заңсыз тұр. Сондықтан саудагерлерге байбалам салмай, ың-шыңсыз жерді босатуды сұрайды.
Шынаркүл Әбділдаева, «Алтын орда» базарының баспасөз хатшысы:
- Ол кісілерге хабарлама беріліп, қыркүйектен бастап жайма базарлар жойылады деп ескертілген. Олар ескертпені құлаққа аспады. Өздерің алып кетіңдер дегенге көнбеді. Енді біздің жерімізді босатсын. Олардың құқығын ешкім таптап отырған жоқ. Оларға еркіндік берілді. Бәріне бірдей павильонда орын бар делінді. Сол орынға тұр десе тұрмайды.
«Жұмыс істеуге мүмкіндік берсін» деген саудагерлер орындарын күні-түні күзетуге де дайын. Олар шатырларды бұзуға жол бермейміз деп отыр. Тараптардың ортақ мәмілеге қашан келетіні әзірге белгісіз.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!