Ақтөбе облысының диқандары төтенше жағдай жариялауды сұрап отыр
Ақтөбе облысының диқандары да төтенше жағдай жариялауды сұрап отыр. Үш апта бойы толассыз жауған жауыннан егінге оңдырып орақ салмаған. Енді күн шыққанның өзінде бидайды толық жинап үлгермейміз дейді шаруалар.
Автор: Жаңалық Ахаш
15.09.2023
Александр Чемоданов, «Құмқұдық» ЖШС директоры:
- Шашетектен шығынға батып отырмыз. Жазда киіктер егінді таптап кетті. Одан қалған аумаққа шегіртке қаптады. Енді, міне, күн сайын жаңбырдан көз ашпай отырмыз. Шыққан бидай орылмай жатып, қайта көктеп жатыр. Ол тұқым қылуға да жарамайды. Ауданда төтенше жағдай жариялау керек. Ұсынысымызды биліктегілерге хат қылып та жеткіздік.
Биыл Ақтөбе облысындағы 440 мың гектар аумаққа егін егілген. Қазір соның тек қырық пайызы ғана орылыпты. Қалғанын жинап алуға жауын кедергі болып отыр. Әйтеке би ауданының өзінде соңғы жиырма күн бойы жаңбыр тыйылмаған. Енді орылатын бидайды кептіргеннің өзінде, ұн қылып тарта алмаймыз дейді диқандар. Тұқымдыққа да жарамай қала ма деп қауіптенеді. Тек мал азағына жем қылармыз деп өзін сабырға шақырып қояды.
Биыл жауыннан бөлек, егіннің бір бөлігін киік таптап кеткен. Оның да шығынын мемлекет өтеп берсе деп өтініш айтып отыр.
Ал әкімдіктегілер уақытынан ерте байбалам салудың қажеті жоқ дейді. Қазанның алғашқы он күндігіне дейін егін оруға уақыт бар деп отыр. Сондықтан шаруалардың төтенше жағдай жариялау туралы талабын құптамайды.
Құсайын Сәрсенбаев, Ақтөбе облысы ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы:
- Төтенше жағдай жариялаудың өзінің реті бар. Бүгінгі жағдайда төтенше жағдай жарияланбайды. Себебі, әзірге біздің мүмкіндігіміз бар, астық орылмай қалатын жағай емес.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!