Әйел мен оның екі баласын өлтірген қаскөйді ұстаған екі жігіттің әңгімесі
«Өзгеге кесірі тимесін деп, бірден жерге жықтық»! Алматыда бірге тұрған әйел мен оның екі баласын өлтіріп, артынан үйімен қоса өртеп жіберген қаскөйді ұстаған екі жігіт болған оқиғаны баяндап берді. Қырағы жігіттер күдіктіні қонақ үйден орын іздеп жүрген жерінен байқапты.
Автор: Асқарбек Қазанғап
18.09.2023
Басын қатерге тіксе де, еш ойланбай әрекетке көшіп, полицияға тапсырыпты. Ал қонақ үйдің әкімшілігі күдікті қылмыс жасаған күнге дейін бірнеше тәулік бөлме жалдап жатқанын айтады.
Төрт күннен бері полиция жер-көктен іздеп таппай жатқан күдіктіні көшеде кездейсоқ кетіп бара жатқан жігіттер ұстады. Дүкеннен шығып, жолдың қарсы бетіндегі қонақ үйге бет алған оны алдымен Рахат Хайфназаров байқаған. Досы дүкеннен шығам дегенше, өзі бірден бас салып жерге жыққан.
Рахат Хайфназаров:
- Әйел адамдар болды. Қонақүйге көтеріліп, қайтып төменге қарай түсті. Мен соларға зиянын келтірмесін деген оймен, мен білген жоқпын, оның қалтасында бірдеңе бар шығар. Арқасында асулы сөмкесі болды, сонда да, үрей болса да, тәуекел деп, сол жерден құлатып, мақсатым қолын қайырып ұстап беру болды.
Жыққан сәтінде досы Олжас көмекке жетеді. Үш адамның тағдырын үзген күдіктіні бірден таниды.
Олжас Кісенбай:
- Бізде де бағытбағдар бар ғой. Чаттардан келген, желілерден көрген. Ұстап алып түріне қарасам, сол кісі екен, шынымен де. Сыммен байлап, дос балам өмірін қатерге тігіп, мен көмектесіп, байласып, екеуміз бір жерге отырғызып қойдық.
Күдікті бас сұғып, орын таппай кеткен қонақ үйдің әкімшілігі оның қылмыс жасардың алдында бірнеше күн бөлме жалдап жатқанын жеткізді. Мінез құлқы оғаш көрініпті.
Хадиша Шәкенова, қонақ үй қызметкері:
- Стрессте жүрдіау деймін. Өйткені алақ-жұлақ етіп, ашулы. Біреумен ұрсысып қалған ба деп ойладық. Он екісі күні келіп қарызға сұрады. Ол кезде біз кіргізбедік. Бізге кіргізуге болмайды қарызға. Он үші күні түнде тағы келді. Онда ақшамен келді. Кәдімгі рюкзагы бар, ақшамен кірді.
Түсте қонақ үйден шыққан соң, кешке дейін келмеген. Қолын сол он төрті күні қанға малып, асқан жауыздықпен бірге тұрған әйел мен кәмелетке толмаған екі баласын өлтіріп, артынан үйімен қоса өртеп жібереді. Облыстық полиция департамені қылмыстық кодекстің 99-бабы, яғни «адам өлтіру» бабымен тергеліп жатқанын жеткізді.
14 қыркүйекте Алматы облысы Береке саяжайындағы үй өртеніп жатқаны жөнінде төтеншеліктерге хабар жетеді. Құтқарушылар отты бір сағатта сөндіреді. Жанып кеткен үйден 1981 жылғы әйел мен оның 13 және 7 жастағы баласының мүрдесін табады. Жантүршігерлік қылмысты келіншекпен бірге тұрған ер адам істегені белгілі болады.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!