«Қазақстан» шахтасындағы өрт. Комиссия апат себебін айтты
Бес адамның өмірін жалмаған «Қазақстан» шахтасындағы өрттен кейін 28 адам істі болып жатыр. Олардың арасында жауапты басшылар мен шахта қызметкерлері де бар. Бүгін арнайы комиссия осы апаттың себебін айтты.
Автор: Саят Дәулетжанұлы
18.09.2023
Мелекеттік комиссия жүргізген сараптама қорытындысы бойынша өрт сапасыз лентадан шыққан екен. Оны басапқыда айтылғандай, Ресейден емес, Үндістаннан сатып алынған болып шықты. Сондай-ақ апатқа себепкер болған адами факторлар да көп дейді комиссия мүшлелері.
Өрт шыққан учаскедегі тасымалдау лентасы апатқа дейін екі апта бойы тексерілмегені әшкере болды. Ереже бойынша лента күнделікті бақылауда болуы шарт екен. Лентаны қозғалтатын роликтердің бірі істен шығып, үйкеліс кезінде от тұтанған.
Сырым Шәріпханов ,ҚР Төтенше жайғдайлар министрі :
- Көмір конвейеріндегі өрт механикалық энергияның жылу энергиясына ауысуы салдарынан, жолақ төсем конвейерінің кептелген және бекітілген ролигінде үйкелуіне байланысты өрт пайда болды.Инженер техникалық құрамы тарапынан өндірісті бақыламаған. Сондай ақ қауіпсіздік техникасын сақталмай, энергия механикалық қызмет бақылауы әлсіз болған.
Ал өрт болардан бір ай бұрын жаңасына ауыстырылған ленталар сертификатталмаған болып шықты. Апаттан кейін іле-шала «Арселор Миттал» өкілдері лентаны барлық талапқа сай және Ресей мен Украинадан алынған деген. Сөйтсе өтірік айтыпты. Үйкелістен лап ете қалған лента Үндістанда жасалған екен.
Андрей Лукин, «Қорғау» кеншілер кәсіподағының бас техникалық инспекторы:
- Компанияның қамтамасыз ету басқармасы талаптарға сай келмейтін лента сатып алған. Кемеровтағы ғылыми зерттеу институты жүргізген сапартамаға сәйкес, лента материалының құрамында тез жанғыш заттар бар. Керісінше, лента отқа оңай жанбауы керек.
Апаттан кейін басқа шахталар да тексеріліп, сапасыз ленталар орнатылып қойғаны болса, шұғыл шешу талаптары қойылады.
Ал қылмыстық іс аясында сапасыз лентаны сатып алған компанияның сатып алу және қамтамасыз ету бөлімі бастықтары жауапқа тартылып жатыр. Оның екеуі де Үндістан азаматтары. Ал жер астындағы өрт әлі сөнген жоқ, шахта жұмысы тоқтап тұр.
«Қазақстан» шахтасындағы өрт 17 тамызда тұтанған. Апат кезінде 222 адам жер бетіне шығып үлгергенімен, бес кенші түтінге тұншығып жан тапсырды. 16 кенші түрлі жарақат алған болатын.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!