Қасым-Жомарт Тоқаев: Құран секілді қасиетті кітаптың бәрі вандализмнен құқықтық тұрғыда қорғалуға тиіс
Қасым-Жомарт Тоқаев Біріккен ұлттар ұйымына Қазақстанды негізгі азық-түлік жеткізуші аймақтық хабқа айналдыруды ұсынды. Ол үшін бізде барлық қажет ресурс, инфрақұрылым мен логистика бар деді Бас ассамблеяның 78-ші сессиясында сөз сөйлеген президент.
Автор: Мерей Қалиасқар
20.09.2023
Мемлекет басшысы су тапшылығына да ерекше тоқталды. Бүгінде әлемде су мәселесі өткір тұр. 2040 жылға қарай суға сұраныс 40 пайыздан асуы бек мүмкін. Сондықтан бұл проблеманы шешу үшін Тоқаев саяси күш-жігер мен экономикалық ресурстарды дереу бірлесіп, жұдырықтай жұмылуға шақырды. Каспий теңізінің тартылуы да халықаралық ынтымақтастықты қажет ететін ортақ басымдыққа айналуы керек.
Президент қазіргі геосаяси дағдарысты да тілге тиек етті. Қабылданып жатқан барлық шешімге қарамастан, әлемнің көптеген аймағында қақтығыстар жалғасуда. Халықаралық дауларды шешуде әрқашан дипломатия мен диалог бірінші тұруы керек деді мемлекет басшысы.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының президенті:
- Бейбітшілік мәдениетін қалыптастыруда дінаралық және конфессияаралық диалог аса маңызды. Жуырда қасиетті кітаптарға құрметсіздік таныту актілері болды. Біз осы жағдайға алаңдаймыз. Исламға және басқа да діндерге қатысты жасалған мұндай тағылық әрекеттерден еркіндіктің, сөз бостандығының және демократияның нышаны білінбейді. Құран секілді қасиетті кітаптардың бәрі вандализмнен құқықтық тұрғыда қорғалуға тиіс.
Мемлекет басшысы АҚШ-қа сапары барысында бірқатар елдің басшыларымен де келіссөз жүргізді. Әсіресе Орталық Азия елдері басшылары мен АҚШ президентінің қатысуымен өткен саммит аса маңызға ие. С5+1 форматындағы жиында экономика, энергетика және қауіпсіздік салаларында Орталық Азияның егемендігін, тұрақты дамуын һәм өркендеуін одан әрі нығайту мәселесі сөз болды.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!