Astana Media Week – 2023: Журналистердің, сарапшылардың деңгейін көтеру
Astana Media Week – 2023 апталығы басталды. Биыл осымен жетінші рет ұйымдастырылған шара шетелдік және отандық медиа индустрияның жетекші сарапшылары пікір алмасып, тәжірибе бөлісетін дәстүрлі диалог алаңына айналған.
Автор: Мерей Қалиасқар
20.09.2023
Еліміздің басты коммуникация алаңында медиадағы жаңа үрдістер, өзгерістер мен этика тақырыбы қаузалды. Сондай-ақ, цифрлық сауаттылық, деректерді қорғау мен жалған ақпаратты анықтап, оған қарсы тұру жолдары кеңінен талқылануда. Мақсаты ортақ, бағыты бір, кәсіби мамандарды бір арнаға тоғыстыратын басқосуға 2 мыңнан аса адам қатысуға ниет білдірген.
Бұл жолы алғаш рет тәуелсіз подкасттар мен диджатал контент авторлары төбе көрсетеді. Ал дәстүрлі қатысушылар қатарындағы продакшн компаниялар мен телеарналардың өкілдері «контент-маркет» көрмесінде өнімдерін ұсынып, іскерлік қатынастарды күшейтуді көздеп отыр.
Жалпы үш күндік форум аясында панельдік сессиялар, питчингтер, медиакуиз бен өңірлік БАҚ форумы өткізілмек. Баспасөз хатшыларының кәсіби қарымын арттыруға бағытталған арнайы семинарлар да ұйымдастырылады. Халықаралық пікір алмасу алаңында мүйізі қарағайдай медиа мамандар өзара тәжірибе алмасып, идеяларын ортаға тастап, бірқатар келісімге келеді деп күтілуде.
Қанат Ысқақов, ҚР Мәдениет және ақпарат вице-министрі:
- Бұл шараға Батыс Еуропадан, яғни Польша, Корея, Түркия, Әзірбайжан, Ресей басқа да елдердің сарапшылары, телеарналардың басшылары, басқа да ақпарат құралдарының басшылары қатысады. Отандық ісшараның басты міндеті - біздің қазақстандық медиа нарығының бәсекеге қабілеттігін арттыру және біздің отандық журналистердің, сарапшыларының деңгейін жоғары көтеруге арналған.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!