Алматыда жол қараңғы деген шағым көбейген
Алматы әкімдігі көшені жарықтандыруға жауапты компаниямен шартты бұзатын болды. Өйткені жүктелген міндетті толық атқармаған. Соның салдарынан кешкі уақытта жүретін жолымыз қараңғы дейтін тұрғындардан соңғы уақытта шағым көбейген.
Автор: Асқарбек Қазанғап
21.09.2023
Шаһардың шеті емес, орталығында шамы жоқ көше жетерлік. Кешкі қаланың қараңғы жерлерін КТК тілшісі аралап қайтты.
Бұл қысы-жазы адам аяғы үзілмейтін, жастардың жиі серуендейтін Алматыдағы Есентай жағалауы. Қас қарайғанда көше жарығының дұрыс жанбауынан өзіңді аракідік қараңғы орман ортасында кетіп бара жатқандай күй кешесің. Оған көз жеткізу үшін камера жарығын өшірсек. Мінекей, мұндай олқылық қаланың басқа бөліктерінде де жетерлік.
Түтін құрсауындағы қала тұрғындары аспандағы айды көруден қалғалы қашан. Әйтпесе мынадай тас қараңғыда жарығы жоқ көшеде айдың нұры артық етпес еді. Берідегі әкімдердің берген уәдесі орындалса, Алматыдан әлдеқашан дала шамы жоқ көше таппайтындай екенбіз.
Мәселен, мынау 2019 жылы мегаполистің әкімі болған Бақытжан Сағынтаевтың әлеуметтік желідегі жазбасы. Сол жылдың өзінде төрт мыңға жуық жарық бағанасын орнатып, 2020 жылдың аяғына дейін шаһарды жүз пайыз жарықпен жарылқаймыз депті.
Арада бақандай төрт жыл өткенмен, өзгерісті көз көрмеді. Нұргүл Нұрқасым секілді сәбиімен серуенге шыққан аналарға қараңғы жермен жүрудің өзі бір бейнет.
Нұргүл Нұрқасым:
- Кешкі уақытта көшеде қыдыру өте қиын. Қараңғы. Сосын жол көрінбейді, алдымызда келе жатқан кезде. Бірнеше уақыттан бері жоқ, бұл жарық деген. Бұрын әлФарабиға дейін баратын едік. Қазір ол жаққа дейін бара алмаймыз. Ол жақ мүлде қараңғы болып кетті. Бір адам бір адаммен түйісіп жүреміз. Сондай қолайсыз жағдай көп болып жатыр.
Тілендиев пен Сәтбаев көшелерінің қиылысы. Төле биге дейін орнатылған шамның бірде-бірі жанбай тұр. Құдды көрнекілік үшін қаққандай. Тізе берсе Алматының шетіне бармай-ақ, орталық аудандарының өзінде көше жарығына жарымаған жер көп. 2019 бен 2023 жыл аралығында жарықтандыру жұмысына 8 миллиард теңге ақша бөлінгенмен, жұмыстың үштен бірін ғана мердігер орындаған екен.
Мұхамбет, Әскербекұлы, «Алматы қала жарық» МКК бас инженері:
- Бүгінгі күні Алматы қаласында істеп жатқан мемлекеттік жеке серіктестік өзінің міндеттерін толығымен атқарып жатқан жоқ. Сол себепті келісімшартты бұзуға тура келіп тұр. Шарт бойынша әр ауданда екі бригададан, екі арнайы текхникадан болуы керек. Бүгінгі күнде ол компанияда бір техника. Әр ауданға бірбір техникадан. Сол себепті тиесілі міндетін толық атқармай жатыр.
Жауапсыз компанияның мәселесі енді сотта қаралады. Ал орта жолда тоқтаған жұмысты «Алматы қала жарық» мекемесі жалғастырамыз деп білектерін түріп отыр. Көше шамы біркелкі болады деген жоспарымен де бөлісті.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!