Бір қалада екі тариф. Көкшетауда жарыққа екі тариф бекітілген
Бір қалада екі тариф. Көкшетаудың бір бөлігінде және қала іргесіндегі Бірлік шағын ауданында электр энергиясы аяқ астынан 7 теңгеге қымбаттап шыға келген. Оны тұрғындар тамыз айының түбіртегін алған кезде бір-ақ көрген.
Автор: Айзат Тұрғынбекқызы
21.09.2023
23 мың абонентке электр жарығын беретін «Энергопромтехно» серіктестігі электр қуатын арзанға сата алмайтынын айтып, тұтынушыларға басқа кәсіпорынға қосылуға болатынын айтқан. Ал басқа электр қуатын таратушы компания есігін қаққан тұрғындарды бір айдан бері қабылдамай сабылтып қойған.
«Бірлік» шағын ауданының тұрғындары қолына түбіртек тигенде шошып кеткен. Электр энергиясының бағасы шарықтап кетіпті. Бірақ бұған дейін оларға жарық қымбаттайды деп ешкім ескертпеген. Коммуналдық қызмет көрсететін компания да ләм деместен, төлем қағаздарын жібере салыпты. Онсыз да қысқа әзірлік жасап, отын көмір алып үлгермеген тұрғындар енді қалай қыстан шығамыз деп отыр.
Айгүл Көкімбаева, Бірлік шағын ауданының тұрғыны:
- Мен осы айда 35 мың теңге төледім. Электр қуаты өткен айда 14 мың болған. Ешқашан бұндай баға болып көрген жоқ. Бұл не деген сұмдық! Мен көпбалалы анамын. Енді қайтіп күн көреміз! Біреуі келіп ескерткен де жоқ. Осы жолы төлем екі есе көп шығып тұр.
Тұрғындар жиналып жауапты компанияны Бірлікке шақырған. Сөйтсе электр қуаты шынымен қымбаттапты. Бұл тек жарық таратушы «Энергопромтехно»серіктестігінде ғана екен. Кәсіпорын басшылары бұл қадамға амалсыздан барғанын айтады.
Жанат Баякенов, «Энергопромтехно» ЖШС директорының орынбасары:
- Иә, шынымен осындай жағдай қалыптасып отыр. Бір қалада екі түрлі тариф. 1 шілдеден бастап, Қазақстанда электр қуатын сатып алушы компанияларға жеңілдік берілді.Бәріне бірдей емес. Біз ол тізімге кірген жоқпыз. Мүмкін шағын серіктестік болған соң шығар. Сондықтан қымбат бағаға алынған электр қуатын арзанға сата алмаймыз.
Серіктестік тұрғындарға балама компанияға ауысуға болатынын айтқан. Өйткені әрбір тұрғын коммуналдық қызметті қай кәсіпорыннан алам десе де құқылы. Бұл қымбатшылыққа көкшетаулықтар да іліккен. Бірақ бәрі емес.Қазір бір қалада екі тариф.
Көкшетаудың өзінде 3 мың абонент осы компаниядан электр қуатын алады екен. Яғни қатар тұрған екі көпқабатты үйдің бірінде жарық 7 теңгеге қымбаттапты.Бұдан шығар бір ғана жол бар ол басқа компанияға ауысу.Неге екенін басқасы олардан бас тартқан.
Тұтынушылардан бас тартқан электр жарығын тарататын компания келісім шарттың жоқтығын алға тартады.Олар әкімдіктің балансындағы электр желісін рұқсатсыз пайдалана алмаймыз деп отыр.Ал әкімдіктегілер шағын аудандағы бүтін бір электр желісі мүлдем құжатсыз деп айды аспаннан бір-ақ шығарды.
Әділет Рақымжанов, Көкшетау қалалық ТКШ бөлімінің басшысы:
- Бұл электр желісінің құжаты жоқ. Баланста бар. Бірақ кезінде жер актісі, техникалық төлқұжаты заңдастырылып тапсырылмаған. Енді құжаттарын жасаймыз, оған қаражат сұрастырдық. Бір айдай уақыт керек. Содан кейін қызмет көрсететін компанияға береміз.
Әрине, бұл жағдайдан электр қуатын беріп келген компания да тұрғындар да хабарсыз. Енді онсыз да сандалып жүрген тұтынушыларға нысанның құжатты дайын болғанға дейін шыдауға тура келеді.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!