{metadescription}
Астанада жасөспірім 12-ші қабаттан секіріп ажал құшты
Астанада жасөспірім 12-ші қабаттан секіріп ажал құшты

Астанада жасөспірім 12-ші қабаттан секіріп ажал құшты

Елордада жетінші сынып оқушысы 12-ші қабаттан секіріп ажал құшты. Қайғылы жағдай «Триумф Астана» деп аталатын көпқабатты тұрғын-үй кешенінде болған. Екінші ауысымда оқитын бала мектепке бармай, тура өзі тұратын қабаттың балконынан секірген. Суицид себебін КТК тілшісі анықтап көрген еді.

- Құдай басқа салмасын, дәл осы Астананың символына айналған тұрғын үй кешенінің 12ші қабатынан кеше сағат екілер шамасында 14 жасар жасөспірім секіріп кеткен. Бірден жан тәсілім еткен бала дәл сол қабатта тұрыпты. Қазір айналада мүлгіген тыныштық орнаған. Осы үйдің тұрғындары, дүкен сатушылары барлығы үрейленіп, «далаға шығудан қорқып қалдық» деп отыр.

Қайғылы жағдайды бірінші болып осы үйдің консъержі байқаған. Даладағы абыр-сабырды көзі шалған ол бірден жүгіріп шығыпты. Сөзінше, бұл отбасы «Триумф Астана» тұрғын үй кешеніне үш ай бұрын көшіп келген. Ата-анасы сондай ізетті, жылы жүзді деп отыр.

Жанатгүл Мансұрова, консъерж:

- Маған өзіміздің қыздар айтты. Сіздің секциядан бала құлады деп. Мен «мүмкін емес» деп жүгіріп шығып қарасам, жатыр екен. Баланы бірден таныдым, етбетінен жатыр екен. Жаман болдым.

Қазір баланың өліміне қатысты уатсап мессенжерінде түрлі қауесет тарап кеткен. Жасөспірім мектепте қатарластарынан теперіш көрді деген нұсқаға жұрттың басым бөлігі илануда. Өмірден баз кешіп, 12-шің қабаттан секіруіне сол себеп болуы мүмкін. Ал мектеп басшылығы суицидке барған баланың мінез-құлық, күнделікті дағдыларынан еш теріс әрекет байқамадық деп отыр. Ұстаздар қауымы тек «буллингті атай көрмеңіз» деп білім ордаларына шаң жуытпады.

Гүлхан Мазова, №17 мектеп-лицей директорының орынбасары:

- Бала сабақтан қалмайтын. Кәдімгі барлық бала сияқты сабаққа қатысатын. Оқитын. Мүмкіндігінше. Енді айта алмаймын, озат оқушы деп. Жалпы сабаққа келіп, оқып, қалмайтын бала. Сыныптастарының айтуы бойынша Арыстанның жанында балалар болмаған. Бізде екінші ауысым сағат екіде басталады. Ол кезде мектепте болды. Сабақта болды.

Айналдырған үш жылдың ішінде бұл мектепте екінші бала осындай көп қабатты үйден секіріп кеткен. Екеуі де 7-ші сынып оқушылары. Суицидтің себебі әлі күнге дейін анықталмаған. Қазір құзырлы органдар тергеп-тексеру амалдарын бастап кетті.

Эльмира Шәуленова, Астана ПД баспасөз хатшысы:

- Алдын ала ақпарат бойынша ол үйдің терезесінен құлап кеткен. Аталған факті бойынша ҚР ҚК 105бабы 3-бөлігімен сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдары жүргізілуде. Орын алған оқиғаның мән-жайы анықталуда.

Өз өмірін оп-оңай қатерге тігу жастар арасында үйреншікті құбылысқа айналып бара жатыр деп депутаттар да алаңдаулы. Сондықтан оқу орындарында тәртіпті, әсіресе телефонға қатысты тыйымды күшейту керек деп санайды сенатор Бибігүл Жексенбай.

Бибігүл Жексенбай Сенат депутаты:

- Жалпы мектеп оқушыларына 9сыныпқа дейін телефон, смартфон ұстауға рұқсат бермеу керек. Өйткені телефоннан өзіне көрсететін қысымды түсіріп, жаю, өзіне жеңіл абырой жинау, жеңіл мақтаныш көрсету мақсатында пайдаланатындар бар.

Депутаттар енді мектептегі буллинг мәселесін үкіметтік деңгейде көтермекші. Себебі статистика, жылына кемі 10 жасөспірім қатарластарының мазақ қылып, ортада беделін түсіруінен өмірімен қоштасып жатқанын көрсетіп отыр.

Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!

Серіктестер жаңалықтары

Қазір эфирде