Түркістан облысында оқушылар төбелесіп, бір баланың миы шайқалған
Түркістан облысында мектеп оқушылары төбелесіп, миы шайқалған бір бала жедел ауруханаға жеткізілді. Келес ауданындағы кикілжің тапа-тал түсте болған.
Автор: Бек Әбиев
22.09.2023
Төбелеске Абай мен Амангелді ауылдарының оқушылары арасындағы кикілжің себеп болған. 11-сынып оқушылары өзара ерегісіп, Абай ауылынан келген бір топ жеткіншек мектептен шыққан қатарластарын жабылып сабап тастапты. Тіпті озбыр оқушылар көшедегі тұрғындар мен мұғалімдерден де қаймықпаған. Төбелестен 11-сыныптың оқушысы оңбай таяқ жеп, ауруханада жатыр. Ал көрші ауылдан келген жұдырығы жуан жасөспірімдерді полиция тергеп жатыр.
Гүлнәр Әбдіжаппарова, Түркістан облысы ПД баспасөз хатшысы:
- Аталған факті ҚР ҚК 293 бабы 2-бөлімімен тіркеліп, сотқа дейінгі тергеу жүргізілуде. Бұған дейін Түркістан облысы ПД бастығының тапсырмасымен облысқа қарасты 17 ауданда полиция, әкімдік пен мектеп ұжымы жиналып, жасөспірімдер арасындағы құқық бұзушылықты болдырмау мақсатында бірқатар іс-шараларды ұйымдастырған. Ата-аналардың қатысуымен арнайы жиналыстар өткізілген.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!