{metadescription}
Кербұлақта былтыр салынған емхана әлі ашылмаған
Кербұлақта былтыр салынған емхана әлі ашылмаған

Кербұлақта былтыр салынған емхана әлі ашылмаған

Аты бар, заты жоқ. Алматы облысында амбулаторияның зардабын тартқан бүтін бір ауыл осылай шулап отыр. Кербұлақ ауылындағы екі медициналық мекеме. Біреуі 30 жыл бұрын салынған ескі ғимарат. Екіншісі жап-жаңа. Былтыр қыста салыныпты.

Бірақ ауыл халқы емделуге су жаңа амбулаторияға емес, қирауға шақ қалған нысанға барып жүр. Өйткені бір жыл бұрын тұрғызылған мекеме әлі ашылмаған.

Қонаев қаласына қарайтын Кербұлақ ауылындағы 1700-ден астам тұрғын 30 жылдық тарихы бар дәл осы ескі ғимаратта емделіп жүр. Жан-жағында кірпіштер құлап жатыр. Терезелері сынып біткен. Бұл тек сырты ғана. Енді ішіне кіріп көрсең, тіпті жұтаң. Төбесі де, едені де шіріп біткен. Тесік-тесік. Бірақ амал нешік? Ауылда істеп тұрған жалғыз амбулатория әзірге осы.

Мұратхан Істуаниұлы:

- Қорқынышты. Бір құлап, басып қалуы мүмкін. Біз талай барып емделдік. Үсіп өліп қала жаздаймыз қыста. Киім алып барып, қолымызды шығарып қойып отырамыз. Ал ем қабылдау біткенше қатып қала жаздаймыз.

Дұрыс медициналық мекеме ауылда жоқ емес, бар. Алайда мына нысанның дәл осылай тұрғанына бір жыл болыпты. Соғылуын соғылған, тек істемейді.

Дүйсен Әлиев:

- «Айта айта Алтайды, Жамал апам қартайды», біз де қартайып қалдық. Жеті жыл күттік. Сонымен бәріміз қуанып едік, ешқандай нәтиже жоқ. Қыста салынды. Сапасыз.

Біздің 120 шақырымды артқа тастап келгенімізді естіген әкімдіктегілер де Қонаев қаласынан іле-шала жетті. Атқамінерлер жаңа ғимараттағы олқылықтарды ретке келтіріп, бір айдың ішінде нысанды ашамыз деп отыр.

Дархан Қарақонысов, Қонаев қаласы тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімінінің басшысы:

- Неге қыстан бері осы уақытқа дейін құр тұрған?

- Бізде ақша бөлініп, конкурс жарияланды. Оның шағымы бар. Сол созылып, қазір бес күн ішінде мердігермен шарт жасаймыз.

- Абаттандыру жұмысына қанша қаражат бөлінді?

- 24 миллион 500. Оның ішіне асфальті кіреді. Асты бар, жаяу жүргіншілер жолы, жарығы,қоқыс жәшігі, орындықтар дегендей.

Бұл ауылда ауруханадан бөлек, өзге де мәселелер жетерлік. Бұл жол осыдан небәрі үш жыл бұрын ғана жөнделген. Қазіргі күйі шұрық, ойық-ойық. Онымен қоса бағаналар тұрғанымен, жарығы жоқ. Жөнді істемейді. Әкімдіктегілер жыл соңына дейін осы екі мәселені шешеміз деп сендірді. Тіпті жолға 69 миллион теңге, жарыққа 9 миллионға жуық теңге бөлініпті. Енді тұрғындар сол бөлінген қыруар қаражат жарты жолдан желініп кетпесе екен деп отыр.

Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!

Кеше

Серіктестер жаңалықтары

Қазір эфирде