19 жастағы студент азаматтық некедегі әйелінің ұлын ұрып өлтірген
Алматыда 19 жастағы студент азаматтық некедегі әйелінің кішкентай ұлын ұрып өлтірген. Ауыр соққы алған 4 жасар Хантөре жансақтау бөлімінде көз жұмды. Күдікті көңіл жарастырған келіншектің баласын сабап, бет-аузын көгертіп, балабақшаға апарып тастаған.
Автор: Сымбат Ғалымбекұлы
26.09.2023
Бүлдіршіннің жағдайы мектепке дейінгі білім беру мекемесінде күрт нашарлапты. Марқұмның анасы құрылыс техникалық колледжінде ұстаз болып жұмыс істейді. Полиция қылмысқа барған күдіктіні қамауға алып, тергеуді бастап кетті.
Сұмдық жайт бес күн бұрын дәл осы үйдің төртінші қабатында болған. Кішкентай бүлдіршін жылай бастайды. Ашуға булыққан күдікті 4 жасар баланы жұбатудың орнына, ішінен ауыр соққы жасаған. Сосын ештеңке болмағандай баланы балабақшаға апарып тастапты.
Жантүршігерлік оқиға "Алма сити" тұрғын үй кешенінде болған. Көршілердің айтуынша, Хантөренің анасы өз студентімен азаматтық некеде болған. Келіншек бірге тұрған 19 жастағы жігітіне ұлын тапсырып, жұмысқа кеткен екен. Бірақ жас жігіт мазасызданған баланың қылығын көтере алмай оны өлімші етіп сабап тастаған көрінеді.
Айтуған Ғалымов:
- Мына жайтты естіп шок болып жатырмыз, шыны керек. Екі күн бұрын криминалистер келді. МАИ қызметкерлері келді. Аулаға шықсақ ,абырсабыр болып жатыр екен. Сақ жүру керек, не болса да. Уайымдаймыз. Өзімізде де бала бар.
Бет-аузы көгеріп-бозарып кеткен баланың жағдайы бөбекжайда күрт нашарлапты. Ішкен-жегенін құсып, мазасы кеткен соң, тәрбиеші бірден анасына хабар берді деп отыр.
Әйгерім Уәлиханова, жекеменшік балабақшаның меңгерушісі:
- Тәрбиеші қабылдап алған. Әкесінен сұраған. Бетіне не болған деп. Өзі солай көгеріп тұр деген. Бала әлсіз, ауырып тұр деп айтқаннан кейін ,жата тұрсын деп айтқан. Тәрбиеші апарып жатқызған. Бір сағат өтпей, бала құса бастаған ғой. Мамасына хабарластық. Мамасы келді. 15 минуттай такси шақырып отырды. Сол кезде алып кетті.
Соққыдан ішкі ағзасы қаңсырап кеткен бала бірнеше күн ес-түссіз жатып, ақыры жансақтау бөлімінде көз жұмды. Марқұмның анасы Алматы құрылыс техникалық колледжінде мұғалім екен. Оқу орнының басшылығы 25 жастағы педагогтың оғаш қылығын байқамадық, ал ұстазымен көңіл жарастырған студент бізде оқымайды деп сендірді.
Ақбота Нұржанқызы, Алматы құрылыс техникалық колледж директорының орынбасары:
- Ешқандай студентіміздің тіркеуде тұрғаны немесе іс жүргізіп жатқаны туралы ақпарат жоқ. Ол мүмкін емес. Біз студенттердің барлығын бақылауда ұстаймыз. Vүмкін басқа колледждің студенті ме екен. Бірінші қыркүйектен бастап ол кісі арнайы пәндерінің оқытушысы ретінде жұмысқа орналасты. Ол кісінің жеке басының проблемаларын мен айта алмаймын. Бірақ ұстаз ретінде студенттердің аз уақытта жүректерінен орын алды деп айта аламын.
Қылмысқа барған күдікті қамауға алынды. Полиция қылмыстық іс қозғап, сот-медициналық сараптама тағайындады. Қазір тергеу жүргізіліп жатыр.
Салтанат Әзірбек, Алматы ПД ресми өкілі:
- Осы қылмысты жасады деген күдікпен өгей әкесі ұсталды. 2004 жылы туған ер жігіт. Кішкентай баланың анасымен сұрақжауап алу процедурасы жүргізілуде. Осы отбасы ішінде қандай жағдай туындағанын. Бұл бала қашаннан бері зорлықзомбылық көргенін барлығын анықтаймыз.
Төрт жасар Хантөре қанша уақыттан бері жас жігіттен таяқ жеп келгені сараптаманың қорытындысынан кейін белгілі болады. Өгей адамның жуан жұдырығынан өлген баланы туыстары бүгін жер қойнына тапсырды.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!