Павлодарда жаздай еңбектенген мердігер компания жалақысыз қалған
Еш кеткен еңбек! Павлодарда мердігер компания алаяқтықтың құрбаны болғанына шағымданады. Айтуларынша, қаланың көгалдандыруын тендерден ұтқан бас мердігерден 45 миллион теңгенің тапсырысын алған.
Автор: Асқарбек Қазанғап
26.09.2023
Келісімшарт бойынша жұмыс аяқталған соң, ақша аударылуға керек еді. Алайда бүгінге дейін көк тиын алмай, жұмысшылардың да жалақысын төлей алмай отырмыз дейді. Арыз жазылғанмен, әлі күнге ешкім де жауапқа тартылмапты. Бұл жағдайға қатысты прокуратура не дейді?
Ала жаздай қаланың гүлін егіп, көгалдандырған жұмысшылардың салы суға кеткен. Іс тынғанмен, қолына тиген айлық жоқ. Тапсырысты қабылдаған мердігерге келісім бойынша ақшаны аудармаған компанияның кесірі, сайып келгенде қарапайым жұмысшыларға тиді.
Талғат Ысқақов, жұмысшы:
- 25 адам жұмыс істегенбіз. "Оазис" деген кмпания өздері жүктелген міндетті орындай алмағандықтан, біздің фирманы көмекке шақырған. Атқарған жұмысымыздың фото, видео есебі бар. Әкімдік тарапынан ескерту болмады. Енді сол компанияның біздің ақымызды жеп, не үшін ақша аудармай отырғаны түсініксіз. Полиция жағдайды білсе, де әлі ешқандай шара қолданбады.
Ә дегенде жүз миллион теңгеден асатын бұл тендерді бір компания ұтқан. Жұмысын уақытында аяқтай алмай жатқандықтан, әкімдіктің араласуымен 45 миллион теңгенін жұмысын өзге мердігерге келісімшартпен өткізіпті. «Былық сол компания қызметкерінің бастығының атынан жалған қол қойып, жымысқы әрекетке баруынан басталды» ‑ дейді зардап шегуші тарап. Арыз жазғанымен, іс белгісіз себеппен тоқтаған.
Манас Бердібеков, мердігер компания директорының орынбасары:
- Маған облыс прокуратурасынан хабарласады, Алмас деген жігіт, «осы іс тоқталғанын білесіз бе «деп, «жоқ, бұл іс тоқталғанын білмейміз «дедім. Содан прокуратураға жаздық. Сол іс бойынша азаматтық деп, істі аяғына дейін қарамай қаулының өзінде жазылған қандай бұзушылық. Сол бойынша осы істі қайтадан жалғастыруын сұраймын.
Алданған мердігер бүгін кезекті рет әділдік сұрап облыстық прокуратураға келді. Қолында былықты әшкерелер құжат, дәлелі болғанмен, қылмыстық істің не себеппен қозғалмай жатқанын түсінбей дал. Прокуратура өкілі шешіммен келіспесе, шағымдансын, болмаса, прокурордың қабылдауына жазылсын деген кеңесін берді.
Облыс прокуроры бұл дауға араласпаса, «алдандық» деген мердігер компания Бас прокуратурадан араша сұрамақ. Ал 30-ға жуық жұмысшының әзірге атқарған жұмысқа ақшасын күтуден басқа амалы жоқ.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!