Көкшетауда көпқабатты екі үй нәжіске малынған
Көкшетауда көпқабатты екі үйдің тұрғындары нәжіске малынып отыр. Кәріз құдықтары тасып, лас су айналаны алып кеткен. Тіпті бірінші қабаттағы пәтерлерге дейін көтерілген.
Автор: Айзат Тұрғынбекқызы
27.09.2023
Жуынатын бөлме мен дәретханадан асып төгілген нәжісті көргенде тұрғындар дереу «Көкшетау су арнасы» мен құтқару қызметіне хабарласқан. Бірақ коммуналдық апатты жөндеуге ешкім келмепті. Ашынған жұрттың арызын КТК тілшісі тыңдап қайтты.
Бұл жағдай осыдан екі апта бұрын басталған. Кәріз суы жертөлеге құйылып, аузы-мұрнынан шығып толған. Одан соң бірінші қабаттағы пәтерлерге кірген. Жуынатын бөлмесі нәжіске толып, сасық сумен арпалысқан тұрғындар хабарласпаған жер қалмады деп отыр. Ал бір күн бұрын кәріз құдықтары тасып, айналаны су басып қалған.
Әділхан Қожамбетов:
- Міне, көрмейсіз бе? Боқтың иісін иіскеп жатырмыз. Бәріне хабарластық. Бізді тыңдамайды. Енді не істейміз? Біздің қолымыздан келмейді. Ақша төлейміз, суға, бәріне төлейміз. Зейнеткерлер зейнетақымызды шығарамыз. Ұят қой мынау!
Ұяттан бұрын ащы иістен тұрғындардың басы айналатын болған. Үнемі есік-терезені қымтап отыра алмайсың, дегенмен жауып қоюға тырысамыз дейді олар. Бәрінен бұрын қарттар мен балаларға жүріп-тұру оңай болмай тұр. Бұған құбырларды осындай жағдайға жеткізген «Көкшетау су арнасы»кәсіпорны кінәлі деп отыр.
Бұл іске тілшілер араласқан соң, су арнасындағылар пайда болды. Олар суды сорып тазартпас бұрын хлор шашып, жағдайды одан сайын қиындатты.
Онсыз да қолқаны жаратын сасық иістің үстіне хлор қосылды. Екі аптадан бері тұрғындар шақырып келтіре алмай жүрген «Су арнасындағылар» жұрт шулай бастаған соң, таң атпай келіп, шелектеп хлор шашып жатыр.
Кәсіпорын жұмысшылары хлорды аяп жатқан жоқ. Бөшкемен әкеліп, шелектеп тастаған соң, маңайдың бәрі аппақ болды.Су арнасындағылар құбырдың асып-тасуына тұрғындардың өзі де кінәлі дейді.
Гүлбаһрам Әниева, «Көкшетау су арнасы» кәсіпорнының қызметкері:
- Осылай болды, өйткені тұрғындар құбырды дұрыс қолданбайды. Тазартқан кезде неше түрлі шүберек, ас үй құрылғылары шығады. Иә, осы жолы құдық тасып сыртқа жайылған екен. Мен жұмысқа демалыстан енді шықтым. 10-ынан бері хабарласыпты. Неге келмегенін білмеймін.
Кәріз құбырына жауаптылар жертөледегі суды сорып тазартуға бүгін кірісеміз деп отыр. Ал нәжіске қосылған хлор иісімен тұрғындар ұзақ уақыт тыныстауына тура келеді.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!