Қазақстан Ресейге қарсы санкциялық режимді сақтайды
Қазақстан Ресейге қарсы санкциялық режимді сақтайды. Берлинде Германия канцлері Олаф Шольцпен кездесуден кейін ел президенті Қасым-Жомарт Тоқаев осылай деді.
Автор: Айғаным Достанбай
29.09.2023
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының президенті:
- Қазақстан санкциялық режимді ұстанатынын нақты айтты. Біз санкциялық режимді сақтау бойынша тиісті ұйымдармен байланыстамыз және неміс тарапының санкциялық режимді айналып өтуге бағытталған ықтимал әрекеттерге қатысты қандай да бір күдігі болмауы тиіс.
Бірақ бұл Қазақстан "антиресейлік" бағытта дегенді білдірмейді деді президент. Солтүстіктегі көршімізбен байланыс барлық деңгейде және барлық бағытта бар.
Мемлекет басшысы Ресей тарапы территориялық талап қояды деп қауіптенбейтінін жеткізді. «Екі елдің шекарасы делимитацияланып, едәуір дәрежеде демаркацияланған. Бізде бұл мәселеге қатысты ешқандай алаңдаушылық жоқ» - деді Тоқаев.
Қазақстан президенті канцлер Шольцпен тет-а-тет форматында келіссөз жүргізіп, тараптар сауда-саттықтан бөлек, инвестицияда іс-қимылды күшейтуге келісті. Әлемдегі күрделі геосаяси жағдайға қарамастан, былтыр екіжақты тауар айналымы 25 пайызға өсіп, 2 миллиард 800 миллион долларға жеткен.
Жалпы, Германия Қазақстанға 6 миллиард долларға жуық инвестиция салыпты. Мұның 90 пайызға жуығы шикізаттық емес секторға тиесілі. Қазір елімізде Германия капиталының үлесі бар мыңнан астам компания жұмыс істеуде.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының президенті:
- 2040 жылға қарай маңызды материалдар мен сирек кездесетін металдарға әлемдік сұраныс төрт есе артады деген болжам бар. Дүниежүзілік банктің бағалауынша, Қазақстанда құны 46 триллион доллардан асатын бес мыңнан аса барлау жасалмаған кен орны бар. Сондықтан мен канцлер Олаф Шольцке шикізатты игеру жобаларын жүзеге асыру үшін Консорциум құруды ұсындым. Бұл бастама үкіметаралық серіктестік туралы қолданыстағы келісімдермен қатар, ынтымақтастығымызды жаңа деңгейге көтеруге мүмкіндік береді. Мен Германияның жеке инвесторларын осы Консорциумға қосылуға шақырамын.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!