Ақтауда тоғыз үй кешені заңсыз салынған
Ақтауда тоғыз тұрғын үй кешені заңсыз салынған. Яғни компаниялар тиісті орындардан рұқсат алмай, үлескерлер қаражатын құрылысқа заңсыз тартыпты. Енді үйлер сүрілетін болды.
Автор: Айман Нұрмағанбет
29.09.2023
Тоғыз нысанның ішіндегі «Сұлтан», «Аққала», «Мұрагер», «Атамекен» атты төрт үйді салған екі құрылыс компаниясына қатысты қылмыстық іс қозғалып, тергеу амалдары жүргізілуде. Ал қалған тұрғын үйлер құзырлы орган тарапынан тексеріс барысында заң талабына сәйкес болмай сүрілуге жіберілген. Әкімдіктегілердің айтуынша, «Тұрғын үй құрылысына үлестік қатысу туралы» заңына сәйкес тұрғын үй құрылысына үлестік қатысу үш тәсілмен іске асырылады. Біріншісі - бірыңғай оператордан кепілдік алу, сосын екінші деңгейдегі банктің жобаға қатысуы қажет. Үшіншісі - көппәтерлі тұрғын үйдің қаңқасы көтерілгеннен кейін үлескерлер ақшасын тарту.
Нұрсұлтан Сайлаубаев, Ақтау сәулет және қала құрылысы бөлімінің бас маманы:
- Қазір үлескерлердің қаражатын тартуға тек қана үш мекеменің рұқсаты бар және де үш тұрғын үй кешені тіркелген. Қалған мекемелердің үлескер қаражатын тартуға рұқсаты жоқ. Кімдекім қандай да бір құрылыс жұмысын бастамас бұрын жергілікті атқарушы органмен яғни сәулет және қала құрылысы бөлімімен бекітілген заң талаптарына сәйкес, ҚР Ұлттық экономика министрінің №750 бұйрығында нақты көрсетілген сол бойынша өтініш береді.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!