Халықарлық Almaty Mount Fest — тау спорты фестивалі аяқталды
Халықарлық Almaty Mount Fest — тау спорты фестивалі аяқталды. Дүниежүзілік турзим күніне орайластырылған шараға екі мыңға жуық адам қатысқан. Әлемнің әр түкпірінен келген шетелдік қонақтар жарыстың төрт түрі бойынша сайысқа түсті. Фестиваль бүгін іскерлік форуммен қорытындыланды.
Автор: Асқарбек Қазанғап
02.10.2023
Алатаудың баурайындағы бұл басқосудың дәстүрге айналғанына бірнеше жылдың жүзі болды. Арысы — Андорра, Франция, Италия, берісі — Қырғызстан, Ресейдің тау спорты десе ішкен асын жерге қояр туристері жиналды. Алматыға аңсары ауған шетелдік қонақтардың да жыл санап артуына осы шараның септігі тиген.
Әлішер Тұрсын, Алматы туризм кеңесінің төрағасы:
- Алматыдан кетер кезінде туристердің шетелдік болсын, өзіміздің отандық туристер болсын Алматыдан шығар кезінде оң әсермен шығуын және Алматыға болашақта тағы да өзінің туыстарын, таныстарын, достарын ертіп келуіне жағдай жасауға барынша жұмыс істеп жатырмыз.
Қатысушылар туриада, даунхил, скайраннинг мен альпианиада сайыстары бойынша бағын сынады. Бұл жолғы фестивальдің ерекшелігі 6-14 жас аралығындағы балалар және мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған арнайы тауға шығудың бағытын дайындаған. Спорттық және мәдени шаралар Медеу мен Шымбұлақ тау шаңғысы шипажайында өтті.
Дэни Буйо, Шымбұлақ тау шаңғы курортының кеңесшісі:
- Мұндай халықаралық шараны өткізу бірінші кезекте спорттық туризмнің дамуына жол ашады. Экономикалық әлеуеттің артуына түрткі болары сөзсіз. Бірінші кезекте жергілікті бизнестің дамуына мүмкіндік жасау қажет. Сәйкесінше ,ол елдің дамуына оң әсерін береді.
Төрт күнге созылған фестиваль іскерлік форуммен аяқталды. Тау туризмін дамытудың жаңа мүмкіндіктері жайында білікті мамандар өз ойларымен бөлісті. Жыл аяғына дейін Алматыға 500 мыңға жуық шетелдік қонақ келеді деген болжам бар.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!