Алматы әкімдігінің үш павильоны дайын. Әкім қашан көшіп барады
Қаңтар оқиғасы кезінде 80 пайызына зақым келген Алматы әкімдігінің ғимараты қалпына келтірілді. Бір жарым жылдан астам жөндеу жұмысы жүргізілгенмен, әзірге төрт павильонның тек үшеуі дайын. 17 млрд теңге жұмсалған тарихи нысан сәулеттік келбетін сақталған. Ал қала әкімінің кабинетінде қандай өзгеріс бар?
Автор: Асқарбек Қазанғап
03.10.2023
Журналистердің бұл ғимартқа ат ізін салмағанына да екі жылға жуықтапты. Жөндеуден соңғы бұл алғашқы келіс. Ғимараттың сыртында айтарлықтай айырмашылық жоқ. Тек қасбетке шаңырақ қағылған. Әкімдік өкілі тілшілерді қасына жиып алып, жаңғырған нысанға мұражай қызметкеріндей экскурсия жасап жүр. Хаттамадан тыс ол топтан қалыс қалып, бірден әкім отыратын алтыншы қабатқа көтерілдік. Ерте келеді деп күтпесе керек, жұмысшылар еденнің шаңын сорғызып, шашылған кабинеттерді асығыс жинауда. Ұзыннан созылған бұл дәліздің соңына дейін беттесеңіз әкімнің кабинеті қарсы алдыңыздан шығады. Бір қызығы, тек мұнда ғана есіктердің түсі ақ, қалған қабаттарда — қоңыр.
Алматы қаласының әкімі Ерболат Досаев отыратын кабинетке room tour, былайша айтқан кезде, шолу жасасақ. Сол жақтағы кабинетте көмекшісі отырады. Оң жақтағы шағын бөлме асхана. Ал ат шаптырым аумақ әкімнің кабинеті. Сол жақта тынығу бөлмесі. Әзірге жиһаз қойып үлгермеген. Бірақ ең қызығы, журналистерге ең құпия кабинет мына есіктен. Арнайы код қойылған. Есік тарс жабық. Ар жағында не бары бізге белгісіз.
Досаевтың өзі бүгін төбе көрсетпеді. Сірә, креслосын қойып, диванын жайғастырғанын күтіп жатқан болар. Әкім отыратын қабаттағы жөндеу жұмысы толығымен аяқталған. Қаңтар оқиғасында ғимаратқа өрттен 80 пайыз зақым келген. Кіреберіс есіктің бір бөлігі ғана жанбай аман қалған. Оны көрнекілік үшін бүгін сыртқа қойыпты.
Алты қабатты ғимарат 1980 жылы бой көтерген. Ол уақытта Алматыда бұдан еңселі нысан болмаған. Бұрын да, бүгін де жалпы аумағы 35 мың шаршы метрді құрайды. Тәуелсіздік алған алғашқы үш жылда Президент резиденциясы болды. Одан соң алты жылдай үкімет отырды. Ал 1999 жылдан бері Алматы қаласының әкімдігіне өтті.
Қаңтар оқиғасында барлық қапталы мен қабаты отқа оранып жарамсыз күйге түскесін әкімдік уақытша көшкен еді. Архивтегі кадрлар сол қаралы күндерді еріксіз еске түсіреді. 2022 жылдың ақпан айында басталған жаңғырту жұмысы енді ғана бітуге таяды.
Бейбіт Шаханов, Алматы әкімі аппаратының басшысы:
- Өрт болғаннан кейін бетон нәрселер, темір нәрселердің бәрі өздерінің бұрынғы ғимаратты ұстайтындай мүмкіндігі өзгеріп кетеді. Сондықтан бұл жерде сейсмоубекіту жүргізілді. Сондықтан,қазіргі күні жер сілкінісі болса, бұл ғимарат шыдайтын болады. 9,10 балға дейін шыдайды.
Мақтауын асырған ғимаратты қалыпқа келтіруге бюджеттен 17 млрд теңге бөлінген. Әзірге төрт павильонның тек үшеуі пайдалануға дайын. Бір жарым ай көлемінде жұмыс жүз пайызға аяқталады деп атқамінерлер сендірді. Ал Ерболат Досаевтың өзі жаңғырған кабинетіне келесі аптада ның көшеді.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!