Астанада «Агроқалашық» тұрғындары қас қарая көшеге шығудан қалған
«Есірткіге елітіп, ащы суға сылқия тойып алғандар берекені алып бітті». Астанадағы «Агроқалашық» аталып кеткен ықшамаудан тұрғындары қас қарая көшеге шығудан қалған. «Балалар мектептен келгенше алаңдап отырамыз» деп ашынған тұрғындар ішімдікті ортаға алып, әр бұрышта топтасып отыратындарды тәртіпке салатын біреу бар ма деп күйінеді.
Автор: Айғаным Достанбай
03.10.2023
Назгүл Рүстемова:
- Әр бұрышта мас болып жатады.Шетте тұрғанда да қиын болған. Баламыздың басқан ізін аңдып отырамыз. Маскүнемдер өте көп.
Айгүл Уәлиханова:
- Мен, шындап келгенде, қорқам. Немерелерім үшін де қорқам. Өзімнің де денсаулығым жоқ. Келе жатқан кезде қағып кете ме, ұрып кете ме деп қорқасың. Әне, теңселіп кетіп бара жатыр. Арақ ішкенше, қымыз ішпей ме?!
Агроқалашық елорданың шеткі жағындағы аудан. Тұрғындардың сөзінше, осы аумақта темір-терсек қабылдайтын орындар өте көп. Тиісінше, бостан-бос сенделіп жүргендер қолына түскен тиын-тебенін ішімдікке салуды әдетке айналдырған.
Айтса айтқандай-ақ, көше бойынан кеш түгелі, тапа-тал түсте теңселіп кетіп бара жатқандарды аңғару қиын емес. «Одан қалды насыбай, синтетикалық және психотропты заттардың да саудасы қызып тұр» дейді мұндағылар.
Ішкі істер вице-министрі Үкімет отырысынан кейінгі брифингте атап өткендей, мұндай мәселе елорданың бір емес, бірнеше ауданында бар. «Тұрғындардан келіп түскен шағымның нақты санын айта алмаймын» деген министрдің орынбасары, сол аудандарда 24 сағат бойы жұмыс істейтін дүкендерді бақылауға алу керек деп есептейді.
«Алкоголь сатуға рұқсат беретін мерзім заңмен бекітілігенімен, оны пысқырып жатқандар аз» - деп сөзін сабақтады Марат Қожаев.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!