«Ел үміті»: Педагогтар заман көшіне ілесіп, оқу үрдісіндегі жаңа тәсілдерді меңгеруге мүдделі
Ұстаздар күні қарсаңында елордада әртүрлі деңгейдегі білім беру саласының мамандары мен сарапшылары бас қосты. Олардың қатарында мектепке дейінгі білім беруден бастап, орта арнаулы білімге дейінгі ұйымдардың өкілдері бар. Әлеуметтанушылар мектебі мен «Ел үміті» қоры ұйымдастырған шарада жиналғандар өзінің тәжірибесі мен ұсыныстарын ортаға тастады.
Автор: Мерей Қалиасқар
03.10.2023
Педагогикалық шеберлікті дамытудағы жаңа міндеттер бүгін кілең сарапшылар жиылған кездесуде кеңінен талқыланды. Алқа жиынға мектеп пен колледж мұғалімдері, балабақша тәрбиешілері мен отандық және халықаралық ұйымдардың өкілдері, сондай-ақ ұстаздардың біліктілігін арттыру орталықтарының қызметкерлері қатысты. Мақсат —педагогтардың заман көшіне ілесіп, ілгері жылжуы мен оқу үрдісіндегі жаңа тәсілдерді меңгеру.
Алина Хаматдинова, El Umiti қорының басқарушы директоры:
- Біз білім беру саласындағы зерттеу ұйымы ретінде мектептер мен мемлекеттік ұйымдар жаңа жобаларды әзірлеу кезінде бүгінгі ұсыныстар мен трендтерді ескеріп, көштен қалмай, заман ағымына сай болғанын қалаймыз.
Әлеуметтанушылар мектебі мен «Ел үміті» қорының мектепке дейінгі білім беру саласындағы зерттеушілері балабақшаларда балаларды жіті танып, олардың ерекшелігі мен дарындылығын анықтайтын педагогтар тапшы екенін мысалға келтірді. Инклюзив білім берудің әдіс-тәсілдерін білетін мамандар да жеткіліксіз. Бұл ретте ЮНИСЕФ өкілдері тәрбиешілерге қойылатын талаптарды былай қойып, мұғалімдерге де көмек көрсетуді ойластыратын кез келгенін айтады.
Татьяна Адерихина, «ЮНИСЕФ» ұйымының Қазақстандағы білім беру бағдарламаларының жетекшісі:
- Міндет – мұғалімнің өзін тексеру емес, оның әрі қарай кәсіби тұрғыда өсуіне сеп болу. Яғни ұстаздың одан әрі дамуына арналған жаңа бағыттарды зерттеуге құлшынысын ояту, өз кәсібіне деген көзқарасын өзгерткіміз келеді.
Жиында мектепке дейінгі тәрбие мәселесі жан-жақты талқыға түсті. Сонымен қатар орта мектептер мен колледж мұғалімдері де көкейіндегі сауалдарын қойып, ұсыныс-тілектерін білдірді. Көбі әлеуметтанушылар мектебі мен «Ел үміті» қоры ұйымдастырған жобаларының тұрақты қатысушылары. Алқа жиында айтылған ескертулер мен ұсыныстар ескеріліп, педагогтардың алдағы жұмысын едәуір оңтайландыра түседі деген сенім мол.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!