Астанада 18 жастағы қыз балконнан құлап мерт болды
Астанада 18 жастағы қыз балконнан құлап мерт болды. Оқыс жағдай елорданың сол жағалауындағы тұрғын үйлердің бірінде болған. 11-сыныпта оқып жүрген қыздың мұндай қадамға баруына не түрткі болғаны әзірге белгісіз. Білім ордасының директоры қыз баладан бұрын-соңды ешқандай оғаш қылық байқамағанын айтады.
Автор: Айғаным Достанбай
04.10.2023
Сұмдық жағдай кешкі сағат жеті жарым шамасында астананың сол жағалауындағы элиталы тұрғын үйлердің бірінде болған. Куәгерлердің айтуынша, 18 жастағы қыз 12-ші қабаттан секіріп кеткен. Тіпті марқұмның қолы мен аяғының ізін аңғару қиын емес.
Тұрғын үйдің ауласында қаннен-қаперсіз жүрген тұрғындардың тыныштығын екі кештің ортасындағы оқыс жағдай бұзды. 12-ші қабаттан құлаған қызды көре сала, маңайдағылар дүрлігіп, есіміз шығып кетті дейді. Жоғарыдан құлдилаған бойжеткен тура өзі тұратын подъездің алдына құлапты. Жедел жәрдем дереу келгенімен, қыз бала құлаған жерде тіл тартпастан бақилық болған.
Куәгер:
- Мен шамамен 58 минуттан кейін көрдім. Қыз бала жерде жатты. Айнала толған адамдар. Кешкі сағат 7 жарым кезі болатын. Тұрғындар сыртта балаларын ойнатып, таза ауа жұтып жүрген кез. Алғашқы көмек көрсетуге тырысып едім. Жедел жәрдем шақырып қойғанын айтып, мені жолатпай қойды. Артынша бес минуттан соң дәрігерлер келіп жетті. Солардың сөзінен аңғарғаным, марқұм құлаған бетте тіл тартпай өліп кеткен.
Жиналғандар жарты сағат бойы марқұмның түр-тұлғасын, ата-анасының кім екенін таба алмай, үйді-үйге сұрау салған.
Куәгер:
- Мен қарсы блокта тұрамын. Сыртта ойнап жүрген балалар, тұрғындар, барлығы жинала қалды. Жарты сағаттай қыздың атаанасын таба алмады. Қай қабаттан құлағанын білген жоқпыз. Жедел жәрдемді 20 минуттай күттік. Басымен құлаған болуы керек, беті адам танығысыз күйде. Тағы да бірнеше жері сынған деп айтып жатты дәрігерлер.
Қыздың әзірге неліктен мұндай қадамға барғаны құпия. Оқиға куәгерлерінен қыздың балконнан секірмес бұрын, телефонына «бұл жағдайға ешкімді кінәламаңдар» деп хат жазып қалдырғаны туралы естідік. Отбасы жағдайы жақсы, өзі 11-сыныпта оқыған. Үлгерімі де үздік дейді білім ордасының директоры.
Әсел Бисенбинова, мектеп директоры:
- Кеше түнде, яғни 3 қазанда құқыққорғау органдарынан осы жайт туралы хабарлама түсті. Куратор басқармаға барып, керек ақпаратты берді. Оқушы туралы тергеутексеру аяқталмайынша, қосымша ақпарат бере алмаймыз. Жалпы мінезі жақсы. Жақсы оқитын оқушы.
Полиция департаменті қылмыстық іс қозғалғанын айтып, тергеу жүргізіліп жатқанын мәлімдеді.
Гүлмира Шрахметова, Астана ПД СЖІК бөлімінің жетекшісінің міндетін атқарушы:
- Тұран даңғылындағы тұрғын үй кешенінің балконынан құлаған 2005 жылы туған елорда тұрғынының қайтыс болу фактісіне қатысты ҚР ҚК 105бабымен сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп жатыр. Сотқа дейінгі тергептексерудің өзге де деректері жария етуге жатпайды.
Оқыс жағдай көпқабатты тұрғын үйдің өрт сөндірушілерге арналған қосалқы эвакуациялық шыға берісінде болған. Балконның жақтауы да тым әлсіз. Қауіпсіздік үшін жасалды деген аты болмаса, балалардың өміріне тым қауіпті екенін ескеріп жатқан ешкім жоқ сыңайлы. Бұл осы тұрғын үй кешеніндегі екінші оқыс жағдай.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!