Бурабай «Риксосындағы» казиноның бірқатар былығы ашылды
Бурабайдағы бес жұлдызды «Риксос» қонақ үйінде орналасқан казино келушілердің қалтасын қаққаны анықталды. Қожайындары ойын автоматтарындағы ұтыс беру көлемін азайтып, екі жылда 4 миллиард 600 миллион теңге заңсыз табыс тапқан. Сондай-ақ құмар ойын бизнесін ұйымдастырушылар кәмелетке толмаған 15 жасөспірімді жұмысқа жеккен.
Автор: Айзат Тұрғынбекқызы
04.10.2023
Казинодағы бұл былықты прокурорлар анықтаған. Тексеріс нәтижесі бойынша ойынхана әкімшілігіне үш жарым миллион теңге айыппұл салынды. Сондай-ақ заңсыз табысты қалтасына баспақ болған құмар ойын ұйымдастырушылар 4 миллиард 600 миллион теңгені қайтаруға тиіс. Және казиноның лицензиясын алты айға дейін тоқтатуға сот шешімі шықты. Ал полиция бала еңбегін пайдалану бойынша тергеу жүргізіп жатыр.
Әсем Әбдірахманова, Ақмола облысы ПД баспасөз қызметінің ресми өкілі:
- Аталған фактіге байланысты прокуратураның тексерісінен кейін полиция заңсыз еңбекке жегілген жасөспірімдерге қатысты сотқа дейінгі тергеуді бастады. ҚР ҚК 153бабы, 1-тармағы яғни «Кәмелетке жасы толмағандарға қатысты еңбек заңдылығын өрескел бұзу» бойынша тергептексеру жалғасып жатыр.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!