Су үнемдеу мақсатында $600 мыңдық екі ірі жоба қолға алынды
Елімізде суармалы жерлердің үлесі небәрі жеті жарым пайыз. Бұл Орталық Азия мемлекеттерінің арасындағы ең төменгі көрсеткіш. Салыстырмалы түрде Өзбекстанда мәселен бұл көрсеткіш 96 пайыздан асады.
Автор: Нұртілеу Жылқышыбай
04.10.2023
Осы статистиканы келтірген мамандар бүгін Алматыда Орталық Азия аймағы экология орталығы аталмыш түйткілді тарқатудың тың жолдарымен бөлісті. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев та биылғы жолдауында елімізге судың маңызы мұнай, газ немесе металдан кем емес деген. Сондықтан су шаруашылығы жүйесін тиімді дамыту мәселесімен айналысатын дербес министрлік құрылған.
Көптен бері көтерілсе де, әлі күнге дейін жөнді бір шешімін таппай, көңілді көнштіпей отырған мәселе — су. Мейлі, егін шаруашылығына қажетті ылғал болсын, мейлі, қарапайым күнделікті тұтынатын су болсын ауыл-аймақ түгіл, бас қаланың өзінде де су тапшы екені рас. Бұған ресми статистика да, халықтың жиілеген наразылығы да дәлел.
Нұрай Сәтімов, Орталық Азия аймағы экология орталығының Қазақстан бойынша директоры:
- Мұздықтар еріп жатыр. Су азайып жатыр. Астанада биыл судың сұрақтары болды. Су тасқыны көбейіп жатыр. Орман өртеніп жатыр. Оның бәрі климаттың өзгеруінен. Өйткені температура күнненкүнге өсіп бара жатыр. Осы жылда 04, 05 градусқа өскен.
Әзірге зардабын көбіне шаруалар тартып жатыр. Мәселен, осыдан екі ай бұрын ғана Жамбыл облысында соңғы 50 жылда болмаған су тапшылығы туындап, диқандар шаш етектен шығынға батқан.
Ақмола облысында да жағдай қазір мәз емес. Өңірдегі Есіл өзені тартылып, батпаққа айналып біткен. Соның салдарынан, бірнеше ауыл тұрғындары шарасыз күйде отыр. Былайша айтқанда, қозғай берсең жетерлік. Түйткілдің түйінін сәл болсын тарқату үшін Орталық Азия аймақтың экологиялық орталығы су пайдалану саласындағы екі ірі жобаны жүзеге асыруды жоспарлап отыр. Жалпы құны 600 мың доллардан асады.
Фируз Иброхимов, Орталық Азия аймағы экология орталығының бас маманы:
- Есіл өзенін шаруалар суару ға көп пайдаланады. Өзеннің төмен жағы тартылып кеткен. Біздің жобамыз өзеннің қазіргі күйін, шаруалардың қанша мөлшерде су алатынын анықтаймыз. Ылғалды дұрыс пайдалану үшін жаңа технология апарамыз.
Александра Аккирман, қор өкілі:
- Қазір Орталық Азиядағы ауылдарда,үй шаруасында басым бөлігі әйелдер. Өйткені ер кектер ақша табу үшін өзге елге кетеді. Атап айтқанда, Ресейге. Сондықтан ауыл шаруашылығын негізінен әйелдер жүргізеді. Ал шаруаны жүргізуге су мәселесі кедергі келтіреді. Сондықтан біз жобамызда әйелдерге суды қалай дұрыс пайдалану тәсілін үйретеміз.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев та жолдауында осы мәселеге тоқталып өткен еді. Ол келтірген статистикаға сәйкес, 2040 жылға қарай Қазақстанда су тапшылығы 12-15 миллиард текше метрге жетуі мүмкін. Президент көпке созбай, тікелей аталмыш мәселемен айналысатын министрлікті құрып, шешуін тапсырды.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!