Президент: Мектептер бейнекамералармен, дабыл қағу жүйесімен толық қамтылсын
Өткен аптада ғана Астанада қарапайым қауіпсіздік қоршауларының болмауынан баспалдақтан оңбай құлаған 7 жасар баланың оқиғасы Президент назарына ілікті. Бүгін ұстаздар қауымын төл мерекесімен құттықтаған мемлекет басшысы еліміздің барлық білім ордалары бала амандығын қамтамасыз ету үшін бейнекамералармен, дабыл қағу жүйесімен 100 пайыз қамтылсын деп тапсырма берді.
Автор: Айжан Шамшидин
05.10.2023
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының президенті:
- Бөгде адамдардың мектепке кіруіне рұқсат беруге болмайды. Сондықтан білім ошақтарында дабыл қағу, бейнебақылау жүйесі орнатылады. Жақында Астана мектептерінің бірінде оқыс оқиға болды. Оқушы ауыр жарақат алды. Бұл білім ошақтарында қауіпсіздіктің сақталмайтынын көрсетіп отыр.
Республикалық педагогтер съезінде мемлекет басшысы мұғалімдерді жан-жақтан қыспаққа алып қысым жасайтындардың теріс әрекетін сынға алды. Ойына не келсе, соны істеп, орталықтан тапсырма беруге үйір бастықтардың әрекетіне енді тосқауыл қойылмақшы. Арнайы мониторинг жүргізіліп, ұстаздар арасында жасырын сауалнама өткізілетін болады.
Президент мектептерде қатарластарынан теперіш көріп, өмірден баз кешіп жатқан оқушылардың да мәселесіне тоқталды. Білім ордаларында психологтардың жұмысын бір жолға қойып, әр баланың жан дүниесіне үңілуге кеңес берілді.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының президенті:
- Оқушылардың бірбіріне әлімжеттік, зорлық көрсетуі тыйылмай отыр. Соның кесірінен олар өзін өлтіріп, суицидке дейін баруда. Буллинг олардың жан дүниесіне орны толмай зиян тигізеді. Сондай-ақ оқу үдерісіне кері әсерін тигізеді.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!