{metadescription}
Ақмол ауылы құс фабрикасы қалдықтарына көміліп барады
Ақмол ауылы құс фабрикасы қалдықтарына көміліп барады

Ақмол ауылы құс фабрикасы қалдықтарына көміліп барады

Тауықтың өлексесінен шыққан иіске тұншығып отыр. Астана іргесіндегі 18 мың тұрғыны бар бүтін бір аудан орталығы таза ауамен тыныстаудан қалған. Енді бірер жылда Ақмол ауылы құс фабрикасының қалдықтарына көмілетін түрі бар.

Кәсіпорын өткір иісті қоқыстарын жағалай үйіп болып, енді саяси қуғын-сүргін құрбандарына зиярат ететін орынның іргесіне төге бастапты. Ал құс фабрикасының өзі бұрынғы министр, экс-депутат Владимир Божконың отбасына қатысы бар көрінеді.

Экс-депутат қайбір жылдары төтенше жағдайлар министрі болған Владимир Божконың иелігіндегі құс фабрикасы. Кәсіпорын бүтін бір ауылды қолқаны қабатын сасық иіспен тұншықтырып отыр. Осындай шағыммен бізге Ақмол аулының тұрғындары хабарласты. Айтуларынша, елдімекеннің жан-жағы толған құс өлексесі. Бұл жердегі сұмдық иісті камераның жеткізе алмайтыны өкінішті.

Құс фабрикасы тауықтардың өлексесін ашықтан ашық жайрата салуды соңғы жылдары әдетке айналдырған. Шіріген қалдықтар жаздың күні тіптен бықсып, жел тұрғанда тыныс алу мүлдем мүмкін болмайды дейді тұрғындар. Мәселе 3-4 жылдан бері айтылып келе жатқанымен, Божкосы да, басқасы да елдің алдына шығып, ләм-мим демепті.

Анарбай Қалдыбеков:

- Құрылтайшысы Максим Божко. Ол кісіге кіре алмаймыз. Былтыр барып, үш сағат отырып, кіре алмай кеткенбіз. Мына жерде бұзылған фабриканың ішінде қазып, ол жерге өлексе төгіп жатыр. Тауықтың өлексесін. Қасында Алжир ескерткіші бар, мына жерде, соның қасына апарып төккен. Қазір қарап отырсаңыз, бұларда 50 мың гектар жері бар. Неге болашақты улап отыр. Мыналар қазір жер біздікі дейді. Біздің елдің. халықтың жері ол.

Құс фабрикасына тиесілі, заңды түрде рұқсат етілген қоқыс-қалдықтарын төгетін екі полигон бар ауыл маңында. Ол уақытта елдімекендегі халық саны 3 мыңға жетер-жетпес еді. Ал қазір 18 мың адам тұрып жатыр. Таяқ тастам жердегі қоқыс үйіндісіне жаздың күні бармақтың көлеміндей шыбын-шіркей қаптайды. Өткір иістен, одан қалды екінің бірі ауру болуға айналған.

Гауһар Қуанышбекқызы:

- Терезе ашқан бетте, жауып үлгереміз. Иістен демалу мүмкін емес. Жиналып айтылды. Медицина саласында істейтін апайлар, әжелер сөйледі. Бұл аллергияның емі де жоқ дейді. Өзім ауырмайм енді. Бірақ ауыратын адам көп.

Тұрғындардың бас көтеріп жатқанын естіген «Ақмол феникс» компаниясы жауапты өкілін емес, құс фабрикасында напақасын тауып отырған ақмолдықтарды жіберуді жөн көрген.  Айғайға басқан фабрика қызметкерлері «ешқандай сасық иіс сезбейміз» деп, шырылдады. Тауықтардың өлексесін ашықтан-ашық төгіп жатыр дегенді де жоққа шығарды.

Сәуле Нұртазина, құс фабрикасының экономисі:

- Экологиялық мониторинг шақыртылып, арнайы мамандар талдау жүргізіп кетті. Нәтижесінде нормадан тыс зиянды заттар табылған жоқ. Бұл ресми түрде бөлінген аймақтар. Егер әкімдік құс фабрикаларына басқа жер, полигон бөлсе, ендеше әңгіме бөлек. Ауылдан сәл алысырақ жер берсін.

Әкімдік ғимаратының алдындағы шуды естісе де, естімеген кейіп танытып, кабинетінен шықпай отырған ауыл әкімін өзіміз шақыртып алдық. Құс фабрикасын тәртіпке салуға әкімдіктің әмірі жүрмейді дейді ол.

Жанат Дүйсекеев, Ақмол ауылының әкімі:

- Мен барғанда беті жабық жатты. Мен тауықты көрген жоқпын. Бірақ беті жабық жатты. Иісті сезем, біз хат та жаздық. Тағы да хат жолдадық, қазір. Енді жауабын күтеміз, қалай боларын. Әкімдік шешпейді. Құзырлы орындар бар. Хат жазылды.

 «Ақмол феникс» компаниясының ауылдағы кеңсесіне де кіріп шықтық. «Басшылықтан ешкім жоқ» деген күзетшілері түсірілім тобын табалдырықтан шығарып салды. Үміті үзілген ауыл тұрғындары енді Астанаға барудан басқа амалды көрмей отырмыз деп ашынды.

Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!

Серіктестер жаңалықтары

Қазір эфирде