{metadescription}
Жолы жоқ, қараңғы Маңғыстау ауылы қоқысқа батып барады
Жолы жоқ, қараңғы Маңғыстау ауылы қоқысқа батып барады

Жолы жоқ, қараңғы Маңғыстау ауылы қоқысқа батып барады

Маңғыстау облысындағы Маңғыстау ауылының тұрғындары қоқысқа батып отыр. Себебі: тұрмыстық қалдықтар уақытында жиналмайтын болған. Ауылдың тазалығына жауапты компания өз міндетін дұрыс атқармайды дейді жиналғандар.

Ауыл халқы көшемізді қоқыс басты деп, жергілікті әкімдікке талай шағымданған. Алайда атқамінерлердің өзі бұл мәселеге бас ауыртпайды дейді наразылар. Жолы жоқ, көшесі қараңғы, айналасын қоқыс басқан ауылды КТК тілшісі аралап келді.

Мұнайлы ауданындағы 4500 тұрғыны бар Маңғыстау ауылындағы көрініс. Тұрғындар арнайы қоқыс тастайтын жәшіктің жоқтығынан ескі тоңазытқышты кәдеге жаратып отыр. Себебі: мердігер мекеме қоқыс жәшігін қоймаған.

Сәніқұл Көшеров:

- Контейнеріміз жоқ. Мына қоқыстардың жатқанын көріп отырсыз, үйдің айналасында. Көліктері жоқ. Алатын көлік жоқ. Әкім «контейнер бар, уақытында толып кетсе, өрте» деді. Айтсаң, «шара қолданамыз» деді, қолданбайды.

Тұрғындарды мазалайтын тек қоқыс емес. Ауылдың жолы да астаң-кестең болып жатыр, көшеге асфальт төселмеген. «Жолдың жырын айта-айта, өзіміз шаршадық» дейді жиналғандар. Әкімдікке де хабарласқан, бірақ ешкім қозғалмапты. Ойдым-ойдым көшелердің жарығы да дұрыс жанбайды дейді.

Зульфия Аманжанова:

- Жарық жоқ. Бастапқы кезде жақсы жанып еді, бәрі де. Қазір ешқайсысын ауыстырмайтын болды. Келіп хабар алмайды. Жарыққа жауапты адамдары да ауыстырмайды. Тас қараңғы түнде шығайын десек, бір жерге барып келейін десек, сүрініпқабынып келеміз.

Жергілікті әкімдік айтылған шағымдар орынды деп отыр. Көшедегі жарық шамдарының тозығы жеткенінен де жоққа шығармайды. Шенеуніктер жыл аяғына дейін жаңа 700 лед жарық шамын ауыстырамыз деп ақталды. Ал қоқыс мәселесін қалыпқа келтіреміз деп уәдені үйіп-төкті.

Нұрбол Орынбасаров, Маңғыстау ауылы әкімінің орынбасары:

- Өткен аптада мердігер мекеменің жалдамалы жүк көлігі жұмыс істеуден бас тартқан болатын. Сол себепті мына тұрмыстық қатты қалдық шығару кешіктірілді. Қазіргі таңда жалдамалы басқа жүк көлігі келісімшартқа отырды. Бүгіннен бастап тұрмыстық қатты қалдықтарды шығара бастайды.

Ал жолға асфальт төсеуге «қаражат қарастырылып жатыр» дейді атқамінерлер. Бірақ бюджеттен ақшаның қашан бөлінетіні белгісіз. Сондықтан жан-жағын қоқыс басқан ойдым-ойдым көшелердің бүгін -ертең жөнделуі екіталай.

Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!

Кеше

Серіктестер жаңалықтары

Қазір эфирде