Семейде апатты жатаханада тұрып жатқандар жанын шүберекке түйіп отыр
Семейде апатты деп танылған жатахана тұрғындары наразылық білдірді. Жарты ғасыр бұрын салынған ғимараттың қабырғалары қақырап, төбесінен су сорғалап тұр. Тіпті кірпіштері үгітіліп, шетінен құлап жатыр. Үйінді астында қаламыз ба деп үрейленген жұрт басқа баспанаға көшіруді сұрап отыр.
Автор: Ұлан Нұрахмет
05.10.2023
51 жыл бұрын тұрғызылған қос қабатты жатахананың қазір тас-талқаны шығып жатыр. Екі жыл бұрын апатты деп танылған екен. Дегенмен барар жер, басарға тау таппаған сегіз отбасы жанын шүберекке түйіп отыр.
Жатақхананың қабырғасы жарылып, кірпіші үгітіліп кеткен. Төбесі әне-міне құлауға шақ тұр. Әбден ескірген екі қабатты ғимарат бір күні жермен-жексен бола ма деп қорқады тұрғындар.
- Мынаның бәрі құлап жатыр. Үстінде жарымжан әйел тұрады. Бірінші топ мүгедек.
Бұл жатақхана кезінде Семей былғары-мех зауытында жұмыс істейтін қызметкерлерге салынған екен. 50 жылдың тарихы бар ғимаратты 2021 жылы арнайы комиссия адам тұруға қауіпті, апатты деп таныған. Сол тұста осы үйдегі 14 отбасының жартысы пәтер жалдап бас сауғалап кеткен. Ал барар жері жоқ сегіз отбасы қирандының ортасында қорқынышпен күй кешуде.
Майра Бейсенбаева:
- Бұл үйде су, жылу, әжетхана жоқ. Үйдің арты құлап жатыр. Екі рет тоқтан өрт болды. Үйдің іші көгеріп жатыр. Осында тұрып жатқан кісілердің денсаулығы құрыды. Үйі тұруға жарамсыз болып қалғандар көшіп кетті.
Екі жылдан бері әкімдіктің табалдырығын тоздырған тұрғындар көмек қолын созатын бір адам таппадық дейді. Ал атқамінерлер жұрттың өзін кінәлап отыр. Себебі, уақтылы күтім жасап, кем-кетігін жасамаған дейді. Сондықтан қабырғасы қарс айырылған үйде тұрғысы келмейтіндер пәтер жалдап көшіп кетсін дегенді меңзеді.
Ләйлә Әбілқайырова, Семей тұрғын үй инспекциясы бөлімінің сектор меңгерушісі:
- Бұл үй 2021 жылы ресми түрде апатты үй болып танылды. Қазір тұрғындар үй кезегінде тұр. Заң талабына сәйкес, бірден баспана бере алмаймыз. Өйткені олардың алдында сол санат бойынша тұрғын үйі кезегінде тұрғандар бар. Егер тұруға жарамсыз болса, пәтер жалдасын.
Осылайша жауапты мамандар әкімдік тарапынан қандай көмек көрсетілетінін дөп басып айта алмады. Бір анығы, бәріне бере салатын дайын баспана жоқ. Сондықтан тұрғындар қабырғасы қаусаған жатақхананы жағалай тұрады.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!