Ұлттық банк базалық мөлшерлемені биыл екі рет төмендетті
Ұлттық банк базалық мөлшерлемені 16 пайызға дейін төмендетті. Бұл бас банктің мөлшерлемеге қатысты биыл қабылдап отырған екінші шешімі.
Автор: Мерей Қалиасқар
06.10.2023
Базалық мөлшерлемені төмендетудің негізгі себебі – жылдық инфляцияның баяулауы. Былтыр ол 20 пайыздан асып кеткен еді. Ал қыркүйек айының соңында бұл көрсеткіш 11,8-ге дейін төмендепті.
«Қазір жағдай тұрақты» дейді мамандар. Базалық мөлшерлеме ақша-несие саясатының негізгі құралы әрі несиелер мен депозиттер бойынша пайыздар соған тікелей байланысты.
Экономистер бұл төмендеуді тұтынушылық несиеге еш әсер етпейтінін алға тартып отыр.
Бүгін Ұлттық банктің жаңа төрағасы ұзақ уақыттан бері алғаш рет жағдайды жіті түсіндіріп берді. Тимур Сүлейменовтің айтуынша, жыл соңына дейін базалық мөлшерлемені тағы да төмендету жоспарда жоқ.
Тимур Сүлейменов, ҚР Ұлттық банк төрағасы:
- Жылдық инфляция болжамдардың төменгі шегіне жуық траектория бойынша 1012 пайызға бірте-бірте баяулап келеді. Бұл бүгін базалық мөлшерлемені төмендету мүмкіндігін іске асыруға ықпал етті. Бірақ сыртқы секторда да, экономика ішінде де проинфляциялық бірқатар тәуекелдің болуына байланысты, оны осы жылдың соңына дейін төмендету мүмкіндігін айтарлықтай шектейді.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!