Талғар тұрғындары: «Қалада тұрсақ та, әлі көмір жағамыз!»
«Қалада тұрсақ та, әлі көмір жағамыз». Алматы облысындағы Талғар қаласының бір топ тұрғыны осылай шу шығарды. Айтуларынша, өздерінен басқақа газ тартылған. Әлі күнге көгілдір отынға жарымай пеш жағып, газ баллонын пайдалануға мәжбүр.
Автор: Асқарбек Қазанғап
06.10.2023
Бұл жағдайдан жергілікті әкімдік те хабардар екен. Шағым айтқан тұрғындардың мәселесі қашан шешімін табатынын КТК тілшісі біліп қайтты.
Жасы сексенге қараған Владимир — жалғызбасты қарт. Күздің суығы басталғалы даладан пәтеріне көмір тасуға көшті. Жиырма жылдан бері «жылуға жарисыңдар», «пеш жақпайсыңдар» деп сайраған атқамінерлердің уәдесі көкке ұшқан күлдей болды деп күрсінеді.
Владимир Небылица:
- Осы үйдің екінші қабатында тұрамын. Амал жоқ пеш жағамын. Биылғы қысқа деп екі тоннан көмір сатып алдым. Күн суытқандықтан, кешкілік жағамын. Екі тонна жетпейді. Қыстың қандай боларын кім білген. 78 жасымда осылай көмір тасимын деп ойламаппын.
Елуінші жылдары бой көтерген екі қабатты үйлердің әрқайсында 8 пәтерден бар. Қала мәртебесі бар Талғарда мындай мұржалардың болуы өзгелерге таңсық болғанмен, өздерінің еті өліп кеткендей. Бұл төңіректегі бес үйге әлі күнге газ тартылмаған. Іргедегі көршілерге жүргізілген құбыр болғанмен, неге екені, оны жалғай салуға әкімдіктің мойны жар бермейді дейді.
Роза Қуанышәлиева:
- Олар ауызша айта береді. «Әй, мына кемпірге айта береміз» деп. Бірақ шыдам да бітті. Тоқпен жылынамын. Тоқпен жылынғанда 70 мың теңге төлеймін. Мен Талғарда туғанмын. Қанша жыл, 70 жыл осы Талғарда тұрамын. Осы масқараны мен бірінші рет көріп тұрмын.
Аудан әкімдігі бұл жағдайдан хабардар. Тек бұлар емес, Талғарда газға қосылмаған әлі 26 үй бар деп саспайды. Жыр болған мәселе жылда айтылғанмен, жобалау жұмысын биыл ғана бастаған.
Айбек Ақылжанов, Талғар ауданы ТКШ бөлім басшысының міндетін атқарушы:
- Жобалау жұмысын жүргізіп жатырмыз. Қашқари көшесі, Емелева көшесіндегі екі қабатты үйлердің жобалау жұмыстарын қазір бітіріп жатырмыз. Бізде қазір бітпегені блокты, модульді қазандық орнататын, жер телімдері ғана. Осы жер телімдерін рәсімдеп алсақ, толық мемлекеттік сараптамадан өткізуге жобаны жүктейтін боламыз.
Әкімдік уәдесінен тайқымаса, келер жылы жылумен жарылқаймыз дейді. Амал жоқ, осы қыс та тұрғындардың пеш жағуына тура келеді.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!