Қайыңдыдағы апат: 35 адамның жетеуіне ота қажет, арасында шетелдіктер бар
Қайыңдыдағы апатта зардап шеккен 35 адамның жетеуіне операция жасау қажет! Алматы облыстық көпсалалы клиникалық ауруханасына ауыр жағдайда түскен төрт азаматқа дәрігерлер ота жасап үлгерген. Тағы үшеуін операция үстеліне дайындауда. Араларында шетел азаматтары да бар.
Автор: Асқарбек Қазанғап
06.10.2023
Кеше Қайыңды - Саты тау жолында автобус қарсы бағытта келе жатқан көлікке соғылып, бір адам қаза тапқан. Жүргізуші уақытша тергеу изоляторына қамалды. Аударылған көлікте болған куәгерлер не дейді? Зардап шеккендерге өтемақы төлене ме?
Ресейдің Уфа қаласынан келген Айнұр мен Рада автобус соққысынан аударылған УАЗ көлігінде отырған. Бүгін қайтар күні болғанмен, жарақатқа байланысты Алматыда аялдауға мәжбүр. Бір жарым жасар ұлы Аманды періштесі қағып, аман қалды. Санасында автобуспен бетпе-бет жапырылған сол сәт қана сақталған, ар жағы бұлыңғыр тұман.
Рада Кунафина:
- Қарсы бетке атып шыққанын анық көрдім. Автобус жолды шаңдатып қатты келе жатты. Біз өз жолымызбен жүрдік. Қатты соққы болды. Одан әрі есімізде жоқ. Кейін сол автобуста болған жолаушылармен сөйлестік. Олар жүргізушіге «ақырын айда» деп айтқанмен, тыңдамады дейді. Кейбірі тіпті оған отырмаймыз деп түсіп қалыпты.
Апаттан соңғы жедел жәрдем жеткенде түсірілген видео.Есігі ашылған ескі автобус еңісте тұр. Басын ұстаған бойжеткен ес-түссіз жігітінің алдында жатыр. Әріректе бір турист не болғанын аңдай алмай отырып қалған. Жаны мен қыры майысқан УАЗ аударылған күйі бір қырымен тұр.
Ә дегенде зардап шеккендердің негізгі легін Шелек ауылындағы ауруханаға жеткізеді. Одан соң Алматы облысы көпсалалы клиникалық ауруханасына 23 адамды әкеледі. Тоғызын қалдырып, қалған беті бері қарағандарын қайтарған. Түннен бері аяғынан тік тұрған дәрігерлер таңға дейін төрт ота жасапты.
Бекзат Бейсенов, Алматы облысы көпсалалы клиникалық ауруханасының бөлім меңгерушісі:
- Бізге жатқызылған тоғыз науқастың ішінде жеті науқасқа ота қажет болды. Соның ішінде бүгінде төрт науқасқа отасы жасалып қойды. Үш науқас отаға дайындалып жатыр. Жағдайлары бір қалыпты. Соның ішінде жағдайы ауыр екі науқас бар. Бұл науқастың біреуінің сан сүйегі сынған, біреуінің ортан бөлігі сынған. Қалғандарына, бір науқастың бұғанасына ота жасалды, бір науқастың иығына жасалды, бір науқастың тізеден төмен сүйегіне жасалды.
Жүргізушісін қосқанда, аударылған УАЗ-да болған тоғыз адам «Банана» турфирмасының клиенттері. Шарын, Көлсай, Қайыңдыға Алматыдан бір күнге апару құны 12 мың теңге. Қайыңдының нашар жолына амалсыз осындай көлікті жалдаймыз дейді.
Ғалия Әбдірахманова, Banana туристік компаниясының құрылтайшысы:
- Біз соны жалдаймыз. Сол ауылда жұмыс істейтін балалар. Өйткені, басқа көлікпен Қайыңдыға дейін жете алмайсың. Өйткені сол жақта жол жаман. Біздің баратын автобустар, спринтерлер ол жаққа бара алмайды. Сол үшін біз осындай көлік алып тұрамыз. Келісімшартпен жұмыс істеп жүрміз.
Ал қарсы бағытқа шыққан автобуста 18 туристі болған «Саяхаттайық» фирмасының өкілін ауруханадан көрмедік. Телефон шалғанымызда, «бір-ақ адам қайтыс болған» деп жайбарақат жауап берді. Тіпті қаншасы ауруханада жатқанынан хабарсыз.
- Қаншасы ауруханада, ол әлі белгісіз. Кеше біз сұрағанда барлығын шығарамыз деді. Бір адам ғана қайтыс болды.
Апаттан 36 жастағы жолаушы оқиға орнында жан тапсырды. Ал автобус жүргізушісінің неліктен жұлқына жүйткігенін, рөлде сау күйінде болған-болмағанын полиция анықтайды.
Ернар Сайділдин, Алматы облысы ПД ресми өкілі:
- Көлік оқиғасының барлық мәнжайын объективті зерттеуге бағытталған сараптама тағайындаумен, тергеу әрекеттері жүргізілуде. Автобус жүргізушісі Кеген ауданының полиция бөлімінің уақытша ұстау изоляторына қамауға алынды. Істі тергеуді полиция бастығы өз бақылауына алды.
«Бір күндік тур аламыз» деп, бір қатерді басынан кешкен туристерге енді өтемақы төленер-төленбесі әзірге белгісіз. Турфирмалар тергеу қорытындысын күтеміз деген жауаппан, әзірге әңгімені жылы жапты.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!