{metadescription}
Таразда 4 млрд қаржы құйылған шағын аудан тоналып жатыр
Таразда 4 млрд қаржы құйылған шағын аудан тоналып жатыр

Таразда 4 млрд қаржы құйылған шағын аудан тоналып жатыр

Таразда 4 млрд теңгеден астам қаржы құйылған шағын аудан тоналып жатыр. Ұры-қарының олжасына айналған жердегі жарық желілері мен су стансалары қолды болған. Телім үшін талай жыл кезек күткен тұрғындар үй соға алмай әлек. Өйткені алқап инфрақұрылым игілігінен ада. «Қалада тұрып қараусыз қалдық» деген қарашамен КТК тілшісі тілдесіп қайтты.

Ақберген Бұзауов 16 жыл кезек күтіп, Құмшағал шағын ауданынан сегіз соттық жер алған. Баспанасының құрылысы биыл тағы аяқсыз қалды. Өйткені инфрақұрылым жоқ жерде үй салу қиямет-қайым дейді.

Ақберген Бұзауов:

- Екі ай болды, құрылыс тоқтап тұр. Су, жарық жоқ. Биыл көшіп келемін деп едім. Келе алмай отырмын. 16 жыл жер кезегін күткеніміз осы ма?

Ал бұл шағын ауданда үй салмақ түгілі, іргетасын қалай алмай жүрген жұрт. Тұрғындар телім үшін талай жыл кезекке тұрып сарғая күткенде, әкімдік берген жерін қайта алып қоя ма деп қорқады. Жұрт жаңа ауданның қызығын қарапайым халық емес, ұры-қара көріп отырғанына налиды.

Рәтбек Кәрібаев:

- Қосалқы станцияны ұрлап кеткен. Су соратын құрылғыны ұрлап кеткен. Енді қазір жарық желісін ұрлап кеткен. Жұрт құрылысын жүргізе алмай жатыр. Түкірігімен соқпайды ғой. Машинасы барлар тасып, соғып жатыр. Ал енді қалған адам не істеу керек? Су жоқ, жарық жоқ. Үш жылға мерзім берген, үш жылда соқпақ түгілі, мына түрімізбен алты жылда да соға алмаймыз.

Айдархан Исмайылов:

- Екі ай күтіп, әрең кіргенбіз, әкімшілікке. Жанайқайымызды естіткенбіз. Ол кісі естіді. «Болды, екі айдан кейін мен сендерге бәрін қойып беремін» деді. Қойып бермеді, міне. Әлі жүрміз.

Ал әкімдік ұрылар су стансасын 2016 жылы сыпырып, жарық желілерін былтыр ғана жымқырды деп отыр. Қолды болған заттардың жалпы құны 46 млн теңгені құрапты. Дегенмен келтірілген шығын бойынша қазынадан қайта қаржы бөлінбейді. Мердігерлердің мойнына ілмек. Су жүргізген компания стансаларын күзетпеген, жарық желілеріне жауапты қарауыл міндетін дұрыс атқармаған екен.

Нұрсұлтан Исабеков, Тараз қаласы әкімдігі құрылыс бөлімінің басшысы:

- Қарауыл қойылған. Жеке кәсіпкер «Айсұлтан» мекемесімен. Қазіргі таңда 12 млн теңгені өндіру бойынша жеке сот орындаушыға талап арыз берілді. Қайта қалпына келтіру бойынша жоба дайындалып, сараптама қорытындыға өтіп, жыл соңына дейін толығымен қалпына келтіріп, алқапқа су беруге болады деп есептейміз.

Құрылыс бөлімі қазір 1300 телім бойынша жарық сұраған екі үйге электр энергиясын тартып бердік дейді. Ал оңай олжаға кенелген ұрылар сол беті ұстатпапты. Полицейлер осы іске қатысты тергеу амалдары жүргізіліп жатқанын жеткізді.

Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!

Кеше

04 қазан

Серіктестер жаңалықтары

Қазір эфирде