Астанада биіктен құлаған альпинистердің екеуі көз жұмды, екеуінің жағдайы ауыр
Астанада өндірістік альпинистер тоғызыншы қабаттан құлап, екеуі көз жұмды. Тағы екеуі жансақтау бөлімінде жатыр. Жағдайы тым ауыр. Қабырға, жамбас сүйектері сынып, ішкі құрылысына зақым келген.
Автор: Айғаным Достанбай
13.10.2023
Жазым болған жас жігіттердің төртеуі де напақа табуға өңірлерден келіпті. Полиция қылмыстық іс қозғап, тергеуді бастады. Ал, осы салада ондаған жыл тәжірибесі бар мамандар қайғылы жағдайға себеп болуы мүмкін болжамдарымен бөлісті.
Оқыс жағдай кеше түс ауа құрылыс алаңында болған. Өрімдей жас альпенистер жаңа салынған тұрғын үйдің 9‑шы қабатынан құлаған. Біреу емес, екеу емес, төртеуінің бірдей құлдилауына не себеп болғаны кейін анықталмаса, әзірге белгісіз. Оқиғаны өз көзімен көрмесе де, ұзын құлақтан естігендердің сөзінше, жоғары қабатта терезе жуып жүрген альпинистердің жібі үзіліп кеткен сияқты.
Құрылыс аумағында қыбыр еткен жанды байқау мүмкін емес. Көзге көрінгеннің өзі құдды бір-бірімен келісіп алғандай, аң-таң. Тапа-тал түстегі оқыс жағдайды көрмек түгілі, естімеген де. Астананы былай қойғанда, күллі ел бойынша ең беделді деген құрылыс компаниясының жеке аумағына аттап басу мүмкін болмады. Тек бүгін ғана кезекшілігі ауысқан күзетшіні сөзге тартудың сәті түсті. Өз көзімен көрмеген. Терезенің жан-жағын бітеп жатқанда, жіптері үзіліп кетті дегенді естідім дейді.
Күзетші:
- Терезелерін бітеді. Жуады, сонда құлаған. Айтып жатқан жоқ па, не себеп болған? Не үзіліп кеткенін, ол жағын естімедім.
Биіктен құлаған бетте алған ауыр жарақатынан төртеудің бірі сол оқиға орынында жантәсілім етіпті. Ауруханаға жекізілгенде қалған үшеуінің де жағдайы тым ауыр болған. Қабырға, жамбас сүйектері сынып, ішкі ағзалары зақымданған. Дереу ота жасалғанымен, араға тәулік салып, тағы бір альпинистің ақтық демі үзілді.
Ермек Әубәкіров, дәрігер:
- Екеуі де жансақтау бөлімінде жатыр. Жағдайы сол күйі ауыр. Олардың өмірі үшін күресудеміз. Көп қан жоғалтқан. Ішкі ағзалары да қатты зақымданған.
Жігіттердің төртеуі де Астана тұрғыны емес. Әр өңірден напақа табуға келгендер. Біреуі 21-де, қалғаны 24 жаста. Полиция департаменті қылмыстық іс қозғалғанын хабарлады.
Ринат Жұмахметов, Астана ПД тергеу басқармасының бөлім бастығы:
- Құрылыс алаңында жұмысшылардың құлау фактісіне орай, Астана қаласы ПД ҚР ҚК 277-бабы 3-бөлігі бойынша сотқа дейінгі тергеу басталғанын хабарлады. Бірқатар сараптама тағайындалып, тергеу жүргізілуде.
Астанадағы зәулім ғимараттардың тазалағын сақтап, талай уақыттан бері қызмет көрсетіп жүрген Нұрбол Әлиевтің бұл салада 10 жылдық тәжірибесі бар. Төрт альпинистің бір мезетте құлауы сирек кездесетін жағдай дейді маман. Бір ғана себеп болуы мүмкін. Төртеуінің де жібі бір жерге байланып, оның беріктігін ешкімнің тексермеуі осындай трагедияға алып келген деп болжайды.
Нұрбол Әлиев, өндіріс альпинисті:
- Бізде, альпинистерде екі жіп болады. Біреуі негізгі. Біреуі сақтандыру. Біреуі үзілсе де, екіншісі ұстап қалады. Төрт адам бір уақытта құлау деген мүмкін емес. Олар бір жерден байлады, тросс па, жіп пе, төртеуінің салмағын көтермей, содан үзілді. Біріншіден, өздерінен кінә, олар оқымады, Екіншіден, ТВШниктер. Олар тексеруі керек. Қай жерге қалай байлайтынын.
Төрт жігіттің биіктен құлауы осы саладағы қордаланған басқа да сан түрлі проблеманың шетін шығарды. Мәселен, көк түсті құжатты алу үшін өзгелер күні-түні тер төгіп еңбектенеді. Ал оған ерінгені 25 мың теңгеге сатып ала салады. Бас шаһардағы тұрғын үйлердің 80 пайызында альпинистерге жағдай жасалмағанын ескерсек, кез келген шалыс қадам қайғылы жағдайға алып келуі мүмкін.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!