Израиль «Хезболла» нысандарына шабуыл жасады
Таяу Шығыстағы ахуал ушыға түсті. Өткен түні Израиль қарулы күштері Ливандағы «Хезболла» нысандарына шабуыл жасады. Мұны олар берілген жауап деп атады.
Автор: Нұртілеу Жылқышыбай
16.10.2023
Өйткені кеше ғана "Хезболла" Израиль аумағына оқ жаудырған еді. Қазір екі арадағы шекарада әуеден де, артилериямен де соққы үдеген. Ал, Газа секторына Цахал әскері әлі кіре алмай жатыр. Израиль жерүсті операцияны өткен демалыста бастау керек болған. Бірақ, ауа райының қолайсыздығынан кейінге қалдырылыпты. Израиль Газа аумағына ондаған мың әскерін кіргізіп, ХАМАС-ты бұратала құртуды көздеп отыр. Тек мұның арты үлкен қантөгіске ұласуы мүмкін. Израильдің басты одақтасы АҚШ та ХАМАС-ты тұқыртуды жақтағанымен, Тель-Авивтің Газаны түгелдей бақылауға алу жоспарын қолдап отырған жоқ. Қазірдің өзінде әуеден жасалған соққылардың салдарынан қаза тапқан палестиналықтардың саны 2800-ге таяп қалды. Газадағы бірнеше елді мекен жермен жексен болған. Толық блокададағы секторда азық-түлік, дәрі дірмек, тіпті су да, жарық та жоқ.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!