Жамбыл облысында кәсіпкер орталық стадионда мал бордақылап, бау-бақша еккен
Стадионда мал бордақылап, егін еккен. Жамбыл облысында орталық алаңды сатып алған кәсіпкер нысанды мақсатсыз пайдаланғаны анықталды. Орталық алаң жекенің қолына өткелі жаңарудың орнына ондағы ғимараттар сүріліп, кірпіш зауыты салыныпты.
Автор: Шерхан Абзалұлы
16.10.2023
Осылай деген Сарысу ауданының тұрғындары 27 жыл бұрын жекеге өткен стадион қайта мемлекет меншігіне қайтарылсын дейді. Өйткені жеті мыңнан аса халқы бар ауыл жастары спортпен шұғылданатын жер таппай жүр екен.
Саудакенттегі сау-тамтығы қалмаған сұрықсыз стадионға қара құлып салынғалы 25 жылға жеткен. Спорттық сайыстар мен доп додасы үзілмеген алаңды сол уақытта кәсіпкер сатып алады. «Жастар стадионын» жаңартып, жасөпірімдерге жағдай жасаймын деген желеумен әкімдік пен халықты иландырады. Алайда жекеге өткелі жасыл алаңға жан баласын жолатпаған. Спорттық мақсатта алуын алып, стадионды шаруақожалыққа айналдырып жіберген дейді жұрт. Ауылдықтардың айтуынша пайдасын көріп, табысын тауып алған соң өзге кәсіпкерге сатып жіберген. Қазір қолдан қолға өтіп жүр.
Сейітхан Әбіғалұлы, Саудакент аулының тұрғыны:
- Есіктің бәрін жапты. Балаларды кіргізбеді. Ғимараттардың бәрін бұзды. Кірпіш зауыт қылды, біресе мал бордақылады. Бұның ішіне қауындарбыз да екті. Әртүрлі заттар егіп, сиырларына жем қылу үшін сондай тірлік істеді.
Нұржан Есмахан, Саудакент ауылының тұрғыны:
- Бұл жерде іс шаралар өтіп тұратын. Облыс көлемінде спартакиадалар өткізілетін. Гүлгүл жайнап тұратын. Ал қазір ауылда үлкен футболды ойнайтын жер жоқ. Өйткені үкіметтің кішкентай кортын соғып берген. Мини футболға. Оған үлкен балалар сыймайды.
Бау-бақшаға айналған стадионнан қазір қос қақпа ғана қалған. 27 жылда жаңармақ түгілі 90-шы жылдардан қалған Ленин ескерткіші мен-мұндалап тұр. Ал стадионды бес жыл бұрын сатып алған үшінші қожайын қаржылай қиындықтарға байланысты жоспарын жүзеге асыра алмағанын айтады. Қолының қысқалығына байланысты енді әкімдікпен саудаласуға дайын.
Бекзат Нұрсүлейменов, кәсіпкер:
- Шамамен 7.5 миллионға алдық ол жерді. Халыққа қатты керек боп жатса, халық наразы боп, жерді берсін деп жатса, құдай қаласа, дайынбыз, ойланып көруге.
Ал әкімдік кәсіпкерден стадионды тегін сұрап көндіре алмаған соң, демеушілердің көмегімен сатып алуға кірісіп кетіпті.
Құдайберген Рысдәулет, Сарысу ауданы әкімінің аппарат басшысы:
- Ауылдың көне көз қарияларының айтуынша, 10-15 мың теңге көлемінде сатылған жекеге. «Жастар стадионынының» қазіргі қожайынымен келіссөз жүргізілуде. Келешекте 8-10 млн теңге көлемінде біз демеушілердің есебінен ауданның теңгеріміне алуды жоспарлап отырмыз. Биыл болмаса, келесі жылдың басында міндетті түрде теңгерімге аламыз.
Осылайша 27 жыл бойы жыр болған стадионды ауданның қазіргі билігі келер жылдың басына дейін міндетті түрде мемлекет меншігіне қайтарамыз деді. Күрделі жөндеу жүріп, есігін айқара ашқан жағдайда ауылдық округтегі 12 мыңнан аса халық игілігін көрмек. Дегенмен, ертеректе стадионға білгенін істеген кәсіпкерге билік заңды не заңсыз сатқаны белгісіз. Архивттегі қажетті құжаттрардың жоғалғанына байланысты бұл сұрақтың жауабы жұмбақ күйінде қала бермек.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!