Қытай Қазақстанның егемендігі мен аумақтық тұтастығын қолдайды
Қытай Қазақстанның егемендігі мен аумақтық тұтастығын қолдайды. Қасым-Жомарт Тоқаевпен екіжақты келіссөзде Си Цзиньпин осылай деді. Қос ел басшылары «Бір белдеу, бір жол» форумы басталардың алдында жеке кездесіп, бірқатар мәселе төңірегінде әңгімелесті.
Автор: Айғаным Достанбай
17.10.2023
Қазақстан президенті арадағы дипломатиялық қарым-қатынастың сәтті қарқын алып келе жатқанын атап өтіп, осы сапар аясында қос ел достығының «алтын 30 жылдығы» басталды деді.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының президенті:
- Сіздің былтыр қыркүйек айында Қазақстанға жасаған мемлекеттік сапарыңыз өзара байланыстардың барынша нығаюына тың серпін берді. Сапар аясында елдеріміз арасындағы ынтымақтастықтың жаңа «алтын 30 жылдығы» басталды. Мемлекеттеріміз арасындағы саудасаттық табысты дамып келеді. Айтарлықтай өсім бар. Инвестицияның жалпы көлемі 21 миллиард доллар болатын 52 бірлескен жоба жүзеге асырылып жатыр. 2024 жыл Қытайда Қазақстан туризмі жылы болып жарияланды. Бұл осы сала үшін мол мүмкіндіктерге жол ашады.
Тараптар сауда-экономика, мұнай-газ, энергетика, қаржы, көлік-транзит және атом өнеркәсібі сынды салалардағы жан-жақты ықпалдастықты дамыту мәселелерін талқылады.
Халықаралық және өңірлік күн тәртібіндегі шиеленіскен өзекті мәселелер жөнінде де пікір алмасқан. Қасым-Жомарт Тоқаев пен Си Цзиньпиннің келіссөзі нәтижесінде екі елдің делегация мүшелері бес құжатқа қол қойды. Бұл Тоқаевтың шығыстағы көршімізге биылдыққа жасаған екінші сапары. Президент мамыр айында Сиань қаласында да болған. Енді Бейжіңге ат басын бұрып отыр. Ертең Қытай астанасында өтетін «Бір белдеу, бір жол» ынтымақтастығының үшінші форумына қатысады. Төраға Си бұл жобаны 2013 жылы Астана қаласында ұсынған болатын.
Си Цзиньпин, Қытай Халық Республикасының төрағасы:
- Жоғары деңгейдегі «Бір белдеу, бір жол» халықаралық ынтымақтастығының III форумына қош келдіңіз. Орнықты әрі қарқынды қазаққытай қатынастары екі ел арасындағы өзара сенімді нығайтып, бейбітшілік пен тұрақтылықты қолдау ісінде батыл әрекет етуге септігін тигізеді. Халықаралық жағдайдың қалай құбылатынына қарамастан, Қытай мен Қазақстан өздерінің бастапқы ұстанымдарынан айнымай, бір-біріне жәрдемдеседі. Елдеріміз арасында достық қатынастар орнаған жылдар ішінде біз мәңгілік әрі жан-жақты стратегиялық серіктестік қалыптастыра алдық.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!