«Кім көрінгендер жүр». Депутат спорт федерациялары басшыларына шүйлікті
"Соңғы он жылда қазақ спортының тұтқасын кім көрінген ұстап жүр, Азиада ойындарындағы төмен нәтиже соның салдары" деп, бүгін депутат Данияр Қасқарауов федерацияларды уысында ұстап отырған қалтасы қалың басшыларға шүйлікті. Кәсіби спорттың кенжелеуіне салаға үш қайнаса сорпасы қосылмайтындардың араласуы себеп деп санайды мәжілісмен.
Автор: Айжан Шамшидин
18.10.2023
Данияр Қасқарауов Мәжіліс депутаты:
- Бұл бұрынғы ойындарға қарағанда өте төмен көрсеткіш. Алдыңғы ойындарда ұлттық құраманың қоржынында кемінде 15 алтын болды. Ешқашан үздік ондықтан төмен түскен емеспіз. Әрдайым 45 орын иемденіп келдік. Осы жолы өзбек бауырларымыздың жетістігіне қызыға қарадық. Біз, тіпті, Солтүстік Корея, Таиланд, Бахреин сияқты шағын елдерден артта қалып қойдық.
Депутат сауалын Үкімет басшысына жолдаған Қасқарауов мәселені шешудің бірнеше жолын ұсынған. Мәжілісменнің пікірінше, ең әуелі спорт министрлігін осы саланың жілігін шағып, майын ішкен маман басқаруы тиіс. Одан кейін министрлік пен Ұлттық олимпиада комитеті, федерациялар арасында байланыс нығаюы қажет. Осы үштіктің жұмысы тонның ішкі бауындай біте қайнасып жатқанда ғана оң нәтижеге жетеміз.
Сондай-ақ, депутат легионерлерге тәуелділікті жоятын кез келді деп отыр. Отандық спортымыз өркендесін десек, өзгені таңсық көрмей, өз спортшыларымызға мейлінше жағдай жасалу қажет дейді мәжілісмен.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!