Шәуілдірдегі балабақша күзетшісі бастауыш сынып қыздарын зорлап келген
Түркістан облысында сұмдық жағдай болған. Шәуілдір ауылындағы балабақша күзетшісі 2 және 4-сыныпта оқитын қыздарды зорлап келген деген күдіке ілінді.
Автор: Бек Әбиев
19.10.2023
Қамауға алынған 33 жастағы тұрғын азғындық жасағанын мойындап отыр. Облыстық полиция департаменті зорланған қыз саны үшеу екенін айтады. Ал ауыл жұрты педофилдің отбасы көшіп кетуін талап етуде.
Шәуілдір жұрты үш күннен бері есеңгіреп жүр. Ауылдың 33 жастағы тұрғыны педофил деген күдікпен қамауға алынған. 2 және 4-сыныпта оқитын көрші қыздарды үйіне ойнауға шақыратын азғын олармен білгенін істеп келіпті. Оны қыздардың бірі анасына айтып, артынша өзге балақайлар растаған соң, ол дереу ұсталыпты.
Гүлнұр Сайдубекова, акушер-гинеколог:
- Киімін шешкен, іш киімдерін шешкен. Сипалаған. Сондай жағдайлар болған. Маман ретінде, жыныстық байланыс дейді, сондай ниеті болған дейміз, ол көзге көрініп тұр. «Мамаңа айтсаң, таяқ жейсің, папаңа айтсаң, үйтембүйтем» деп қорқытқан. Содан кейін ақша берген. Мың теңгеден берген.
Бір мәрте үйленіп ажырасқан күдіктінің ұлы бар екен. Анасы, ағасы мен жеңгесімен бір аулада тұратын ол, бөлек кішкентай кепеде тұрыпты. Көрші қыздар үйіне ойнауға жиі келетінін туыстары да мойындап отыр. Бірақ мұндай азғындыққа барғанына ешкім сенбейді. Соңғы үш жыл балабақшада күзетші болып жұмыс істеген жігіттің айуандыққа барғанына ұжымдастары да сене алмай отыр.
Жұлдыз Қинатова, балабақша меңгерушісі:
- Момын, өте момын. Қарапайым, айтқаныңды уақтылы орындайтын қызметкер. Жаман мінездеме бере алмаймыз. Ұжым сенбейді, әлі де сенбейді. Сенбейміз. Өйткені, айтып тұрмын ғой, көз алдымызда жүрген бала. Бірге қызмет істеген соң, артық қылығы болса, байқалар еді деп ойлаймыз.
Қазір азғынның есік алдында тәртіп сақшыларынан күзет қойылған. Үш күннен бері мәслихат құрып жатқан ауылдастары күдіктінің отбасына ауылдан кету туралы шарт қойыпты. Қашан кететіні ертең шешіледі деп отыр.
- Бір құмалақ үшін 45 әулиет адамгершілік қып, мына жерден көшіп кетейін деп жатыр. Сіздер түсіріп, оны неғылмай-ақ қойыңыздар. Болды, біз олармен сөйлесіп, бәрі бітіп келе жатыр.Көшкенде, олар біз өзіміз енді тұра алмаймыз деп ақылдасып, сонда шешімге кеп жатыр.
Күдікті қазір Отырар ауданы полиция басқармасының абақтысында тергеліп жатыр. Үш қызға азғындық жасағанын мойындапты. Резонанс іс болған соң, тергеуді облыс департаментінен келген арнайы тергеушілер жүргізіп жатыр.
Асылжан Қалдарбеков, Түркістан облысы ПД бастығының орынбасары:
- Түркістан облысы ПД бастығының тапсырмасымен әйел тергеушілерден тұратын тергеу тобы құрылып, қажетті ісшаралар жүргізілуде. Қылмыстық кодекстің 120-бабы бойынша қылмыстық іс қозғалып, бірқатар тиісті сараптама тағайындалды.
Қазір зорлық көрген қыздар және олардың ата-аналарымен психологтар тобы жұмыс істеп жатыр. Жәбір көрген жеткіншектерге қосымша сот-медициналық сараптама тағайындалды. Жәбір көргендер саны бұдан да көп болуы мүмкін. Оны полиция анықтап жатыр.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!