Рәсуа миллиардтар: Елімізде егілген әр үшінші ағаш шықпай қалады
Құмға сіңген миллиардтар! Елімізде егілген әрбір үшінші ағаш тамыр жая алмайды. Көгалдандыру қарқыны төмен екенін айтқан сенатор Нұрлан Бекенов экология саласында қаржының тиімсіз пайдаланып жатқанын сынады.
Автор: Мерей Қалиасқар
19.10.2023
Жоспар бойынша, 2025 жылға дейін бүкіл ел аумағында 2 млрд ағаш отырғызылу қажет. Ал биыл 409 млн түп ағаш егіледі деп жоспарланған. Алайда депутат көшеттердің өмір сүру деңгейі небәрі 70% құрайды деп алаңдаулы. Яғни әрбір үшінші ағаш дұрыс күтім көрмегендіктен тамырланбай қурап қалуда. «Мына түрімізбен мемлекеттің ақшасы құмға сіңгендей жұмсалып, жайқалған жасыл желекті көретін күн алыстап барады» дейді Нұрлан Бекенов.
Нұрлан Бекенов, Сенат депутаты:
- 409 миллион көшеттің, кем дегенде, 120 миллионы тамыр жая алмайды. Бұл бюджет қаржысын тиімсіз жұмсау деген сөз. Бюджет шығынын азайту керек. Өсімдіктердің тіршілігіне бақылау және талдау жүргізілмейді, оларды бақылау, күту және суарудың заманауи жүйесі орнатылмаған. Бюджет қаражатын тиімсіз жұмсағаны үшін жауапкершілік қайда?
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!