Қарағанды - Балқаш тас жолында көлік апатынан үш адам мерт болды
Қарағанды - Балқаш тас жолында жеңіл машина мен жүк көлігі бетпе-бет соғылып, үш адам қаза болды. Болжам бойынша жүргізушінің бірі рөлде қалғып кеткен.
Автор: Саят Дәулетжанұлы
19.10.2023
Оқиға түнгі екі шамасында Ақжал кенті маңында болған. 24 жастағы жігіт тізгіндеген Шевроле Кобальт Қарағандыдан Балқашқа қарай бет алған екен. Қарсы бағытқа шыққан көліктің жүргізушісі ұйықтап кетіп, қарсы келе жатқан жүк көлігімен соқтығысады. Апаттан жүргізуші мен 22 және 27 жастағы екі жолаушысы тіл тартпай кеттіпті. Ал жүк көлігіне айтарлықтай зақым келмеген, жүргізушісі аман.
Қуаныш Қажкеров, Шет ауданы жергілікті полиция бөлімінің бастығы:
- Шевроле Кобальт автокөлігінің жүргізушісі және екі жолаушы оқиға орнында қаза тапты. Құрметті жүргізушілер, жылдамдықты шамадан тыс асырмай, қарамақарсы бағытқа шықпай, түнгі уақытта шаршасаңдар, демалуға кеңес береміз.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!